Инна Гловацкая: «Егер барлығын басынан бастау мүмкіндігі туса, мен сөзсіз медицинаны және оның ішінде реанимацияны таңдар едім»

Анестезиология-реаниматология ең жауапты және жүгі ауыр салалардың бірі.  Жан сақтау бөлмесіне түскен адамдар «өмір мен өлім» арасында жатады. Осы кезде медицинадағы жан-жақты білімінің арқасында реаниматологтың дұрыс әрекеті мен бірнеше секунд ішінде дұрыс шешім  қабылдауы – адамдардың өмірін құтқарады.

Әр отаның сәтті өтуі анестезиолог дәрігерінің сауатты әрекетіне байланысты. Павлодардың кардиохирургиялық орталығында бұл саланы жоғары санатты дәрігер, Павлодар облысының бас рениматологы Инна Гловацкая басқарады.  Ол емдеу тәсілдері мен анестезияның заманауи әдістерін тәжірибеде қолданып жүр. Өндірушілер ұсынған жүйені жан-жақты зерттей келе анестезиолог-реаниматолог Инна Гловацкаяның жетекшілігімен бір топ дәрігер операция жасайтын науқасты ұйықтатудың жаңа тәсілін жетілдірді. 2014 жылы Финляндияда кардиоанестезиологтардың Еуропалық конгресінде Инна Гловацкая ұсынған жаңашылдыққа әлемнің жетекші кардиохирургтары қолдау білдірген. Осылайша, Қазақстандық маманның емдеу тәсілі жаңа препараттың негізіне айналды.

Инна Гловацкая басқаратын бөлімшеде науқастарды емдеу барысында барлық заманауи технологиялар мен әдістер қолданылады. Инвазивті араласулар ультрадыбыстық бақылаумен жасалады (ірі қан тамырларын сүмбілеу барысында визуалдау, дренаждарды орнату). Бұл ішкі ағзалар мен тінді зақымдаудан қорғайды. Жаңа құрылғының арқасында қан кетудің себебі анықталып, дұрыс ем тағайындалады. Көктамыр ішілік сұйықтық көлемі  көрсетіліп, анестезия кезінде седации деңгейі бағаланады. Реанимация кезінде Инна Гловацкая қолданатын жаңа технологиялар дәрігерлерге ауыр жағдайда жатқан науқастарды емдеуге септігін тигізеді.

Инна Гловацкая – анестезиология-реаниматология бойынша аккредиттелген тәуелсіз сарапшы. Ол ана мен бала өлімі бойынша Павлодарда ғана емес, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында күрделі сараптамалар жасайды және электронды денсаулық сақтау республикалық орталығында дәрігерлердің кәсіби біліктілігін анықтайтын тестті жетілдіруге атсалысты.

  Инна Владимировна білікті маман ретінде бір жерде тоқтап қалмайды. Үнемі ізденіс, оқу үстінде. Көптеген халықаралық шеберлік сағаттарға қатысып, тәжірибеге инновациялық жобаларды табысты енгізіп келеді. Білікті маман жас дәрігерлерді үйретуден жалыққан емес. Жауапкершілік жүгін арқалаған ұзақ жылдар ішінде жиған-тергенін жас анестезиолог-реаниматологтардың бойына сіңіру үстінде. Айта кету керек, ол «Қазақстанның 100  жаңа есімі» жобасы тізіміне Павлодар қаласынан енген алғашқы нәзік жандардың бірі.

Инна Гловацкая хиругияға қатысты барлық жаңашылдықтарды асқан құлшыныспен меңгеріп, нақты тәжірибемен ұштастырады. Біз өз жұмысын бес саусақтай білетін маманнан әлеуметтік медициналық сақтандыру денсаулық сақтау жүйесі мен пациенттерге қандай пайдасын әкелетіні жайында пікірін сұрап білдік.  

«Бұл реформадан зор үміт күтеміз. Облыстық кардиологиялық орталығы әлеуметтік медициналық сақтандыру Қорының медициналық қызметтер көрсетушісі болып табылады. Бұл үлкен жауапкершілікті жүктейді. Келесі жылдан бастап әр емделген пациент үшін қаржы түсіп отырады, яғни ота шығынын толық Қор өтейді. Бұдан бөлек, дәрігерлердің жалақысы көтеріліп, қаржыландыру көлемі ұлғаяды. Бұл ақшаға медициналық мекемелер пациенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартып, жаңа медициналық құралдарды сатып алады», - дейді Инна Владимировна, - «Ең бастысы, тегін кепілдендірілген медициналық көмектің кепілді көлемі сақталады. Бұл пакетке белгілі бір қызметтер көлемі, атап айтар болсақ, флюорографиялар, қан талдауы, кардиографиялар мен терапевтің қарауы кіреді. Кез келген адам ағзасын қалыпта ұстау үшін, бұл қарапайым шараларды өтіп отырғаны абзал.  Біз әр пациент үшін жанымызды саламыз. Медициналық көмекке зәру азаматтарды көлеңкеде қалуына жол бермейміз. Бұл науқасқа біз сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан шұғыл медициналық көмек көрсетеміз. Ары қарай, отадан соң немесе пациент ем алу шараларын өткеннен кейін оны тіркелген емханасына жібереді. Бірақ, емделушілер арасында медициналық оңалтуды қажет ететіндер бар. Келесі жылдан бастап МӘМС пакеті аясында сақтандырылған азаматтар қалпына келтіру шараларын ала алады. Айта кетерлігі, оған мәртебесі, яғни жеңілдік санатына кіретіндер, жеке кәсіпкерлер немесе жұмысшы екені ескеріледі».

Инна Гловацкая ел азаматтары ең алдымен медициналық сақтандырудың маңыздылығын түсінсе екен дейді.  

Тұрғындарға азаматтардың МӘМС жүйесіндегі құқығын, тегін кепілдендірілген медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері туралы кеңінен ақпараттандыру керек. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері өз пациенттерімен жұмыс істеп, барлық аспектілерді түсіндірулері тиіс. Мәселен, сақтандырылмаған азаматтарға өміріне қауіп төнгенде немесе шұғыл операция қажет болған жағдайда ғана ауруханаға жатқызылатынын түсіндіру қажет. Басқа жағдайларда күндізгі стационарлар, емхана мен клиникаларда дәрігер бақылауы қарастырылған.

«Егер барлығын басынан бастау мүмкіндігі туса, мен сөзсіз медицинаны және оның ішінде реанимацияны таңдар едім. Қазақстандағы медицинаға оң көзбен қараймын, бұл жерде тек қана кардиохирургияны айтып отырған жоқпын. Қазір біздегі денсаулық сақтау жүйесін дамытуға жақсы жағдай жасалуда», – деп түйіндеді сөзін Инна Гловацкая.

 

«Әлеуметтік медициналық

сақтандыру қоры» КЕАҚ

 Павлодар облысы

бойынша филиалы

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы