Табиғатты қорғау – адамзаттың парызы!

Бізді қоршаған табиғаттың, яғни орман, өзен – көл, тау жоталарының сұлулығы кімді болмасын қызықтырып, таң қалдырары сөзсіз.

Өкінішке орай, соңғы жылдары от қойнауындағы салақтықтан, табиғи өрттің саны көбейіп отыр. Өрт қашанда жақсылық әкелетіні белгілі, ол жолында кездескен ағаш, аң – құсты түгелдей жойып, соңы қайғылы оқиғаға соқтырып жатады.

Қазіргі уақытта орман алқаптарын қорғау және қалпына келтірудің көптеген маңызды мәселелерінің бірі орман өрттерімен күресу және облыстағы дала мен орман алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Орман және дала өрттері әртүрлі себептерден орын алады. Мұндай өрттердің 80% тұрғындардың еңбек және демалыс орындарында отты, сонымен қатар ауылшаруашылығы техникасын абайсыз пайдалану себептерінен болады. Табиғи өрттер облысымызда жиі кездесетін келеңсіз метеорологиялық жағдайлардың (жоғары ауа температурасы, ұзақ уақыт жауынның болмауы) нәтижесінде де орын алады.

Орман мен дала өрттерінің туындауына кінәлі көбіне адам болып табылады-оның демалыс және еңбек орнында отты пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарағанынан. Көбінесе өрттің пайда болуы табиғатта демалыс орындарында, жеміс-жидек жинау кезінде, аңшылық кезінде сөндірілмеген сіріңке, темекі және қараусыз қалған тағам жасау кезінде немесе жылыну мақсатында пайдаланған алаулардан, аңшылық кезінде атылған оқ-дәрінің шоғынан қураған шөптер тұтанып өрт туындайды. Табиғатта демалыс орындарында сынған шыны әйнектердің қалдықтарын жиі кездестіріп жатамыз. Жаздың ыстық күндерінде осы сынған шыны әйнектер күннің сәулесін линза ретінде күшейтіп қураған шөптің тұтануына ықпал етеді. Аталған өрттердің әсерінен мемлекетімізге үлкен шығын келтіріп, кейде адам өлімімен қайғылы оқиғаларға алып келеді. Осыған байланысты, Төтенше жағдайлар бөлімі ауданның барлық тұрғандарына тау, дала және орманды жерлерде демалғанда, сонымен қатар ауылшаруашылығы жұмыстарын жүргізу кезінде өртке қарсы қауіпсіздік ережелері мен нормаларын қатаң сақтау қажет екендігін ескертеді. Осылайша біз облысымыздың өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, ағаштардың басқа түрлері өспейтін жерлерде өсетін, өте сирек кездесетін ерекше сексеуіл ормандарын сақтап қаламыз.

Осыған орай, Баянауыл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері табиғи өрттерді алдын алуды ескертеді.

 

Баянауыл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы