Суға батқан балалар

Шомылу маусымы басталғалы Баянауыл ауданында су айдындағы үш бала өлімі  тіркелді. Бірі шілде айының басындағы Майқайың оқиғасы болса, кейінгі екеуі Жасыбай көлінде болды. 2000 және 2001 жылдары туған екі жолдас бала «Березка» демалыс үйіне келіп,  көл суында шомылуды ұйғарады. Бір жігіттің осында жұмыс істейтін тәтесі танысынан катамаранды сұрап алып, қонақтары көлге серуенге кетеді. Әрине, өмір қауіпсіздігі жайлы ойланбайды да: құтқару жилетін киюді тіпті назарға алмайды. Көлдің ортасына жеткенде жай серуендеу аз көрініп, екі жолдас катамараннан суға секіреді. Сол секіргеннен қайта шықпайды. Бұл жағдайды көрген демалушылар полиция бөлімшесіне хабарлайды. Апат орнына келген құтқарушы-сүңгуірлер 7,8 шілде күндері іздестіру жұмыстарын жүргізіп, тек 9 шілде күні ғана мәйіттерді судан тапты.

     Өрімдей жас балалардың өлімі қайғы екені даусыз. Осы қайғыға жол бермеуге болушы еді. Егер екі бала катамаранға отырмас алдында құтқару жилетін кисе; егер катамаран иесі осы талапты қатаң ұстанып, жилетсіз демалушыларды катамарнға отырғызбаса; егер осындай жағдайларға себепкер адамдар әкімшілік тарапынан жазаға тартылса... Егер деген өкініш көп-ақ...

     Пендешілікпен, өлімді Алладан келген ажал деп қабылдау әдетке айналған. Алайда, судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жергілікті әкімшіліктің, жалға катамаран беретін тұлғалардың,  жеке меншік тұлғалардың жалдағы жағажайда жұмыс істейтін құтқарушылардың тікелей міндеті екенін сол адамдар ұмытып кеткен сияқты. Катамаран, қайық сияқты жүзу құралдарынжалға беру пункттерінде қауіпсіздіктің ең қарапайым нышаны – құтқару жилеттері болуы тиіс. Онсыз катамаранға, қайыққа отыруға қатаң тиым салыну керек.

 

№ 5 құтқару бөлімшесінің аға құтқарушысы                      С.Б. Джанкулов

 

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы