Кісі өліміне әкелген демалыс

Жарияланған: 24.04.2017


Сәуір айының 22-і күні демалысын інісінің үйінде өткізуге Владимир ауылға келеді. Жора-жолдастары жиналып, оларға ағалы-інілі Мироновичтер де қосылып спирттік ішімдіктер ішеді. Күні бойы осылайша «демалған» ауылдастар 23-і күні көлге барып, балық аулауға шешім қабылдайды. Кұндыкөл ауылының оңтүстік-батысында орналасқан  «Конопляная» көліне кешкі жетінің кезінде келген балықшылар резеңке қайықтарын дайындап, ау тастауға кіріседі. Владимир мас күйінде екіорындық  қайықпен көлдің  150-200 метр  жеріне ау тастайын деп, бұрылып жатқанда жел қайықты төңкереді де, қарсы жағаға  шығарып тастайды. Суда қалып қойған ағасын құтқарғысы келген Сергей мен жолдасы Александр жүзіп барғанша Владимир батып кетеді. Осылайша ауылына демалуға барған 1967 жылы туған Владимир ажалын судан тапты. Егер оның үстінде құтқару жилеті болғанда, аман қалушы еді. Бірақ қайықты қолданатын көптеген адамдар қауіпсіздік ережесін, атап айтқанда, құтқару жилетпен қамтамасыз етілуді ескермейді.

Мерзімдік бұқаралық ақпарат беттерінде де, теледидардан да ескертулер жасалып жатқанына қарамастан, балық аулаушылар өз өміріне қауіп төндіріп, туысқандарын алаңдатып осындай әрекеттерге барып жатады.

 

Жедел құтқару отрядының аға құтқарушысы С.Джанкулов

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы