Үйіңіздегі көгілдір отыннан сақ болыңыз!

Жарияланған: 22.09.2016


         Қазір халық тұтастай баллонға сығымдалған пропан, бутан газдарын ас әзірлеуге, үй жылытуға пайдаланады. Көгілдір отын адамдарға қолдану жағынан өте ыңғайлы – тез тұтанады, таза, ыдыстарға күйе жұқпайды, түтінге қақалмайсыз. Былай алып қарағанда газдың отын ретінде пайдасы теңдессіз, бірақ адамдар оның қатерлі жақтарын көбінесе қаперге ала бермейді. Газға ұқыппен қарамай, сәл ғана қателік кетсе, дос болып жүрген пропаныңыз нағыз қатерлі жауыңызға айналып, үйіңізге үлкен апаттар әкелуі мүмкін.

          Газ жарылысының салдарынан қайғылы оқиғалар елімізде жиі болып тұрады. Бір адамның ұқыпсыздығынан, қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан көрші тұратын бірнеше жанұя қайғылы жағдайға тап болып, зардап шегеді. Қарапайым ғана ережелерді еске ұстамаған жандар орны толмас өкінішке ұрынып жатады.

         Қазіргі кезде газ баллондары барлық жерде қолданылады. Газ баллондары алыстағы ауылдарға да таратылады, табиғат аясына демалуға шығатындар өздерімен алып жүреді. Сондықтан оның пайдасымен бірге қаншалықты  қауіпті екендігін білген жөн. Адамдар шоғырланған жерде газ баллоны атылса, кішігірім бомбаның  жарылғанымен бірдей болады, көп шығын әкеледі. Баллондағы газды қолданып бизнес жасайтындар өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін қаншама сақтайды дегенмен, газ сығымдалған баллондардың ақауы болуы мүмкін, күннің көзінде тұрып қызуы мүмкін.

         Осындай ұсақ-түйек, адам ескере бермейтін нәрселерден қайғыға душар ететін оқыс оқиғалар туады. Сондықтан  көпшілік жүретін жерлердегі көшпелі асханалардың газ баллондары адам өміріне қауіпті деп саналады.

Газды қолданғанда нені істеуге болмайды:

  • Газ баллондарын жабдықтарын өзіңіз жөндемеңіз;
  • Газға темір құралдармен соқтықпаңыз, ұшқын шығып атылуы мүмкін;
  • Газ тетіктерін ашып, жабатын құралдарды  қараусыз қалдырмаңыз, әсіресе балалардың қолына тимесін.

  Егер газдың иісі қатты шыққанын сезсеңіз:

      Балонды жабыңыз

      Бөлмені желдетіп, газдан тазартыңыз

      Газ толған бөлмедегі телефонды қолданбаңыз, болмашы ұшқыннан өрт шығу қаупі бар.

Есіңізде ұстаңыз!

           От тұтатуға, ешқандай электр құралдарын қосуға немесе өшіруге болмайды!

           Баянауыл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі газды пайдалану кезінде жоғарғыда көрсетілген қарапайым ережелерді сақтауды ескертеді.

          Өрт болған жағдайда Мемлекеттік өртке қарсы қызметінің 101 нөміріне хабар беріңіз. 

Баянауыл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі.

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы