Іздестіру жұмыстарының нәтижесі.

Жарияланған: 04.01.2017


Әр қызметтің өз ерекшеліктері, міндеттері бар. Жаңа жыл мерекесіне байланысты баянауылдықтардың көп бөлігі жайбарақат қыдырып, бірін-бірі құттықтап, бірнеше күн демалды. Ал жедел құтқару жасағының қызметкерлері ЦЭС селосының В.П.Кудин және В.В.Лунев атты тұрғындарын  іздестіру жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болды. Құтқару жасағының мүшелері құрамына Шөптікөл селолық округінің әкімі Б.Избастин мен  «Амерханов» ШҚ басшысы К.Амерханов кірген іздестіру-құтқару жұмыстарының штабын ұйымдастырды.  Аталған екі азамат 31-желтоқсан күні кешкі 20 сағат кезінде өздері малшы болып жұмыс істеп жүрген «Садырбай»  участогынан екеуі екі атқа мініп белгісіз жаққа шығып кеткен. Содан 1-қаңтардың таңертеңгі уақытына дейін оралмаған.  Іздестіру жұмыстарына тартылған бірнеше ауыр автокөліктер қарға батып, сынып, көп қиындықтар туындады. Соған қарамастан іздестіру жұмыстары тоқтамады. «Кудин В.П. таңғы сағат 5 те Сұлужондағы танысының  үйіне келіпті» деген хабар алған құтқарушылар онымен кездесіп, мән-жайды сұрастырды. 31-желтоқсан күнгі болған жағдайды сол айтып берді: Кудин В.П. мен Лунев В.В. жұмыс орнында спирттік ішімдікті ішіп, тағы да сатып алу үшін,  атқа мініп Сұлужон ауылына барған. Қатты масайған екеуі аттарынан айрылып қалған. Не болса да жаяу жүруге шешім қабылдаған.  Өздері жұмыс істеп жүрген қожалық басшысына ұялы телефонмен хабарласқан, бірақ өздерінің тұрған жерін қате айтқан. Қожалық басшысы оларды іздестіріп жүріп, қарға батып, көлігі жарамсыз болып қалған. Лунев В.В. «енді жүруге шамам жоқ» деп, Кудинге ермей далада қалып қойған. Кудин В.П. өзі жалғыз «Садырбайдан  шана әкелемін» деп жүріп кеткен. Адасып, түн ішінде бір жерді айналып жүре берген Кудин әбден шаршайды. Түнімен сандырақтап жүре берген. Ауа райы да бұзыла бастаған. Сонымен әлсіреп құлап, жүруге шамасы болмаған Кудин қарға көміліп қалады.  Өздерін түнде іздеп шыққан трактордың  гүрілінен  Кудин оянады. Бірақ ол тұрғанша трактор алыстап кеткен. Сол бір мезетте ауа райы қысқа уақытқа ашылып,  алыстан шамдарды көріп, сол шамдарға қарай жүре береді. Ақыры Сұлужонға келгенін көреді. Құтқарушылар Лунев В.В. қай жерде болуы мүмкін екенін сұрағанда дөп басып, нақты айта алмаған. Оның үстіне ол қалған жерінен тұрып кетпеуіне кім кепіл? Боран аздап басылған кезден бастап В.В.Луневті іздестіру жұмыстары қайта жанданды. Шамамен сағат 15.30 да Сұлужоннан 1300метр қашықтық жерде оның мәйіті табылды. Баянауыл ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне мәйіт тапсырылып, іздестіру жұмыстары аяқталды. Жалпы іздестіру жұмыстарына 1 трактор,  1 Камаз автокөлігі, 4 жеңіл автокөлік, 1 снегоход 1 арнайы құтқару көлігі мен 25 адам жұмылдырылды.

Таң қалдырар жағдай: адамдардың өз өміріне деген бейқамдығы. Алдында ғана 112 қызметі барлық операторлар арқылы ауа-райының қолайсыздығы жайлы хабарлады. Бірақ соған қарамастан осы оқиға кейіпкерлері қаншама адамды әуреге, туыстарын уайымға  салып, соңында бірі өлімге ұшты...

 

№5 құтқару тірегінің аға құтқарушысы С.Б.Джанкулов

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы