ЕСКЕРТУЛЕРГЕ НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!

Жарияланған уақыты: 14.05.2019


     Жыл мезгілдері ауысып, ауа температурасының жоғарылауына  және  мерекелік  демалыс күндерінің ұзақ болуы  адамдарды  көлге  тартты. Су айдыны тек демалыс орны ғана емес,  сонымен қатар, өкінішке орай, адам өміріндегі қайғылы жағдайлар болатын жерлердің бірі болып тұр. 

      Сондықтан су айдынындағы өмір қауіпсіздігінің ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз! Қолымыздан түспейтін ұялы телефонымызға қатты жел тұратынын ескертіп бірнеше рет хабарламалар келіп жатса да, назар аудармай, балық аулаймыз деп көлге баратындар көп-ақ.

     Кейбірі сол балықты сатып, табыс та тауып жатады. Тапсын, бірақ сол қаржыдан 4-5мың теңге бөліп, құтқару жилетін сатып алуға көңіл бөлмейтіні өкінішті. Жақында ғана Бірлік селолық округына қарасты Тұз көліне әйелі екеуі балық аулауға келген Екібастұз қаласының тұрғыны суға кетіп, 12 күннен кейін ғана мәйіті табылды. Қандай қайғылы оқиға: көз алдында күйеуінен айрылу.  

     Суға батқаны бір қайғы, мәйіті табылмағаны тағы бір қайғы. Туған туысқандарының қандай күй кешкені айтпаса да түсінікті шығар. Ал осы қайғылы жағдайды болдырмауға да болушы еді: желді күні көлге қайықпен шықпау немесе құтқару жилетін кию. Әрбір балықшы  өзін қайғылы жағдайға ұшырамайтынына сенімді болады, бірақ үнемі олай бола бермейді екен.

     Тағы бір назар аударатын жағдай: жазғы шомылу  маусымының басталуы. Мектеп оқушыларының демалыс лагеріне баратын уақыты да жақындап келеді. Әрине, арасында көлге шомылу да жоспарда қарастырылады. Нақ осы кезде назарды бірнеше есе күшейту қажет. Себебі, бала өмірі қатты назарда болатынын ұмытпаңыздар!

 

Жедел құтқару жасағының аға құтқарушысы           С.Б. Джанкулов

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы