Ең қымбатты – бала өмірі

Жарияланған: 10.05.2017


Біздің мемлекетіміздің Ата Заңында адам өмірі – ең басты байлығымыз екендігі жазылған. Ал оның ішінде бала өмірі – ең қымбат байлығымыз десек қателеспейміз. Қоғамымыздың әртүрлі мекемелері өз құзыры аясында осы сұрақ  төңірегінде жұмыс жасайды. Аудан орталығындағы Ш.Айманов атындағы мектеп-интернатында 6-мамыр күні «Отбасы, мектеп және қоғамның игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» тақырыбында жалпы мектепішілік ата-аналар жиналысы өткізілді.

Бұл жиналысқа ішкі істер бөлімінің,  Мұса мырза мешітінің өкілдерімен бірге,  құтқару бөлімшесінен мен де шақырылдым. 2016-2017 оқу жылының соңғы күндері ата-аналармен баланың өмір қауіпсіздігі жайлы күрделі де, маңызды  мәселелер көтерілді. Соның ішінде құқық бұзушылықтың алдын алу, діни тәрбиенің дұрыс берілуі, жазғы демалыста балалардың өмір қауіпсіздігі жайлы тағы да ескертілді.

Кейбір ата-аналар өз міндеттерін дұрыс түсінбейді: барлық жауапкершілікті мекемелерге, соның ішінде, әсіресе мектепке артып қояды. Ал мектептің негізгі міндеті – білім беру. Әрине, білім беру тәрбиемен қатар жүргізіледі.

Алайда, бала өмірінің көп уақытын отбасында, ата-анасының жанында өткізеді ғой. Ал жаз айларында тіпті мектептен тыс болады. Сондықтан әр ата-ана баласының қайда, не үшін, кіммен жүргені жайлы хабардар болуы тиіс. Көлге шомылуға, балық аулауға баратын балалардың басым көпшілігінің жанында ересектер болмайды. Демалуға келген туыстарымен, кейде спирттік ішімдікке масайған қонақтармен бірге шомылуға барған балалар  жағажайда қараусыз қалып жатады. Өз тәжірибемде талай балалардың жылап жағажайда жоғалып жүргендерін кездестірдім.

Солай қараусыз қалған балалар қайғылы жағдайға ұшырамауына кім кепілдік бере алады? Тағы бір айта кетерлік жағдай: шомылуға жарамсыз жерлерде шомылу да қауіпті. Өйткені ол жерде көл табаны өте терең, немесе су асты суық ағыстар өтетін жерлер болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар да бала өміріне қауіп төндіреді. Өмірде ең қымбат бала өмірі екендігін ұмытпайық! Бала қайғылы жағдайға душар болса – еш ата-ана өзін-өзі кешірмейді. Сондықтан бала өміріне үлкен жауапкершілікпен назар аударайық!

 

№5 құтқару бөлімшесінің аға құтқарушысы   С.Б.Джанкулов

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы