Балық аулаудың қызығына батып, қауіпсіздікті ұмытпаңыздар!

Жарияланған уақыты: 03.05.2018


Ауыл аумағындағы табиғи су айдындарының болғаны табиғаттың бізге тартқан өлшемсіз сыйы. Жыл бойы үлкен-кіші қызық көріп балық аулайтынымыз да шындық.

Мұз құрсауынан босап жатқан көлге барушылар да көбейе түсті. Балыққа уылдырық шашуға мүмкіндік бермей, кейбіреулеріміз ашкөздікпен тіпті аумен де балық аулауды әдетке айналдырып алдық. Түскен балықтың қызығына беріліп кетіп, өмір қауіпсіздігін ұмытпай, есте сақтау қажет.

Әсіресе, қатты желден пайда болған толқындар өмірге өте қауіпті.  Ескегінен айрылып қалған жағдайда қайықты жағадан алысқа алып кетсе, аударылып кетуі де мүмкін.

Кейбір жағдайда өз ауына өзі оралып, шыға алмай суға батқандар да болған. Кейбір жігіттер көлге балық аулаумен қатар, спирттік ішімдіктер ішіп, демалу мақсатымен де барады.

Масайған адам өз мүмкіндігін дұрыс бағаламай, қайғылы жағдайға ұрынып та қалады. Қауіптің деңгейін жоғарылататын жағдайдың бірі – балықшылардың тәуліктің қараңғы кезде балық аулауы.

Сондықтан  өміріңіз өзіңізге  қымбат болса, қолайсыз ауа райы жағдайында балық аулауға баруды қою керек.  Тағы бір маңызды ескерту: кәмелеттік жасқа толмаған балалардың көлге баруына ата-аналар қатаң тыйым салуы тиіс.

Себебі балаларын көршінің баласымен, немесе таныс жолдастарымен жібере салады. «Жаман айтпай – жақсы жоқ» демекші, бала қайғылы жағдайға душар болса, орны толмас өкініш орын алатыны сөзсіз. Сақтанудың ең қарапайым жолының бірі – құтқару жилеттерін кию.

Байланыс құралдары арқылы үнемі ауа райының өзгеруі жайлы хабарлар келіп жатады. Сол хабарларды ескерусіз қалдырмаңыздар. Күннің көзі жылтырап шығып тұрғанымен, 1-2 сағат ішінде ауа райы күрт өзгеріп, қатты жел тұрып кетуі әбден мүмкін.

 

№5 құтқару бөлімшесінің аға құтқарушысы    С.Б.Джанкулов.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы