Аралда қалғандарды құтқару

Жарияланған: 22.08.2016


Жасыбай демалыс аймағында әркім өзінше ақылы, таңдауы мен ақшасына қарай демалады. Сондай демалушы үш жігіт кешкі сағат 18 де жалға қайық алып, көлдегі аралға барып демалуды жөн көрген. Демалыс қызықты болуы үшін спирттік ішімдікті өздерімен алуды да ұмытпаған. Әбден тойдым, болдым дегенде сағат 21 болады. Масыққан жігіттер қайықтың ескегін қайда тастағандарын таба алмай, есеңгіреп аралдан кете алмайды. Сонымен бір-бірін кінәлап, жағаға жетудің әртүрлі амалдарын ойластырғанша күн батып, қараңғы түскен. Екеуінің жасы 22де, бірі 20да болғанымен үшеуі де үрейлене бастаған. Жан тәтті ғой: айқайлап көмекке шақыруды жөн көреді. Сонымен не керек, бұл үшеуінің айқайын естіген демалушылар полиция бөлімшесіне хабарласып, қоғамдық құтқарушы А.Тлеубердинов пен полиция  аға сержанты А.Шериязданов құтқарушы қайықпен аралдағы жігіттерді аман-есен жағадағы құтқару тірегіне  жеткізді.

     Бұл оқиғамен танысқан адамдар тек демалушы үш жігітті ғана сөгер... Ал қайықты жалға берген адам неге уақытында қайығын іздемеген? Неге демалушыларға құтқару кеудешелерін бермеген? Неге демалушылар өз өміріне соншалықты жеңілдікпен қарайды? Неге деген сұрақ көп. Ең өкініштісі: осындай жағдайға тап болған адамдарға ешқандай шара қолданбауы: не әкімшілік, не басқаша. Ал ойлансаңыз, мемлекеттік қаншама қаржы жұмсалды: түнгі күзет шығыны, аудан орталығынан келген құтқару көлігінің жанар-жағар майы... Мүмкін осы шығындарды есептеп, мойындарына апарса, демалушылар да әртүрлі оқиғаларға азырақ душар болар ма еді?

 

№5 құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы С.Б.Джанкулов

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы