Туляремияны алдын алу

Туляремия ауруының қоздырушы – жәй көзге көрінбейтін өте ұсақ микроб, табиғат жағдайлары бұл микробқа түрліше әсер етеді, мысалы: күн сәулесі тікелей түссе туляремия микробы бір сағаттың ішінде жойылады. Ал суыққа өте төзімді келеді, яғни микроб салқын суда немесе ылғалды жерде ұзақ уақыт өзінің тіршілік қасиетін жоймайды. Туляремия микробы залалсыздандыруға қолданылатын улы дәрілердің әсеріне төзімсіз, тез арада жойылады. Адамның денесіне тері арқылы, ауыздың, көздің тыныс алу мүшелерінің шырышты қабығы арқылы еніп, сол аймақта өсіп көбейе бастайды. 3-5 күннен кейін аурудың алғашқы белгілері біліне бастайды.

Туляремия ауруының белгілері: Адамның дене қызуы кенеттен көтеріліп 38-39 градусқа дейін жетеді, басының қатты ауруына, бұлшық еттерінің сыздап ауруына шағымданады, денесі құрысады, тамаққа тәбеті төмендейді, терлейді, ауырған адамның мойын, жұтқыншақ, қолтық немесе шап бездері қабынып, қол тигізбей ауырады.

Туляремия өте ұзаққа созылатын қауіпті індет болғанымен көп жағдайда ауырған жандар мүлдем айығып кетеді. Аурудың бір ерекшелігі ауру адамнан сау адамға жұқпайды. Туляремияның адамға жұғу жолдары әртүрлі болады.  Туляремия ауылды жерлерде жиі кездеседі. Туляремия ауруын таратушы жәндіктер (маса, сона, кенелер) жаз айларында өніп - өсіп көбейеді.

Қазіргі кезде туляремиядан алдын ала сақтанудың шарасы – бұл ауруды таратушы кеміргіштерді жою. Осы жұмыстарды жүргізуге (дератизациялауға) бюджеттен қаржы бөлінеді, жылда екі кезеңде дератизация жасалынады. Азық – түлік сақтайтын жерді кеміргіштерден қорғау басты міндет. Табиғат аясына шыққан кезде кене адамды шақпас үшін көйлектің жеңін, шалбардың балағын қысып байлап, күніне бірнеше рет денені, киімді жәндіктерден тазартып отыру керек. Сона - кенелерден қорғайтын арнайы репелленттер қолдану да тиімді тәсілге жатады.

Баянауыл аудандық ҚДСБ-ның эпидемиологиялық бөлімі

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы