Менингит – мидың және жұлынның қабынуы.

Менингит пайда болу себебі бойынша үш негізгі топқа бөлінеді. Бұл – менингококкты, іріңді және серозды менингит.

Менингококктық менингитпен ауыратын адамдар айналасындағылар үшін инфекциялық қауіп төндіреді. Себебі ауру ауыр түрде өтеді, сондай-ақ науқас жөтелгенде, түшкіргенде сыртқы ортаға қоздырғышты белсенді түрде бөледі.

Вирустан пайда болатын серозды менингиттер энтеровирустар, сондай-ақ вирустардың басқа түрлерінен туындайды. Вирустық серозды менингиттердің менингококкты және іріңді менингиттен айырмашылығы қолайлы ағыммен өтеді. Олар өте сирек жағдайда асқыну тудырады.

Инфекция көзі науқас адам және «дені сау» таратушы адам болып табылады. Вирус су, көкөніс, жемістер, тамақ өнімдері, лас қол арқылы беріледі. Адамдар көп жиналған жерде ауа-тамшы жолымен берілуі мүмкін. Жұқтыру көбінесе су қоймаларында және жүзу бассейндерінде орын алады.

Іріңді менингит – ми қабығының іріңді қабынуы. Іріңді менингит организмде бар алғашқы септикалық ошақтың әсерінен дамуы мүмкін. Қоздырғыш кез келген жерде орналасқан инфекциялық ошақтан таралуы мүмкін, бірақ көбінесе лор-ағзалардың ұзақ өтетін инфекциясы (жіті және созылмалы іріңді отит, синусит-гайморит, фронтит) кезінде байқалады.

Жиі болатын ЖРВИ, гиповитоминоз, күйзеліс, шамадан тыс дене жүктемесі, климаттың кенеттен өзгеруімен байланысты организмнің иммундық жүйесінің әлсіз жағдайы іріңді менингит қоздырғышының енуіне ықпал етеді.

Іріңді менингитпен ауыратын науқастар айналасындағылар үшін қауіп төндірмейді. Себебі науқас аурудың осы сатысында сыртқы ортаға қоздырғыш бөлмейді.

Менингоккты инфекция менингокк тудыратын жіті инфекциялық ауру және бактериалық менингитке жатады. Ауру ауа-тамшы жолымен (жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде) беріледі.

Менингоккты менингит үшін аурудың кенеттен басталуы тән: қатты бас ауруы, құсу, 6-15 сағаттан кейін бөртпелер, дене қызуының 39-40°С дейін көтерілуі, қалтырау пайда болады. Тері бозарады. Жалпы әлсіздік, арқада және аяқ-қолда ауырсыну байқалады. Науқастарда шөлдеу, тәбетінің төмендеуі болады. Ауру тұмау, баспа, мұрынның бітелуі, тонзилиттер және т.б. сияқты салыстырмалы түрде «зиянсыз» ауруға ұқсап жеңіл түрде өтуі мүмкін, сондықтан ол өте қауіпті. Салқын тигеннен, ауырғаннан, шаршағаннан туындайтын организмнің қорғаныш күштерінің әлсіреуі сияқты қолайлы жағдайлар пайда болғанда менингококк бастың ми қабықшасына қарқынды түрде өтеді және қабыну пайда болады.

Инфекция көзі науқас адамдар және «дені сау таратушылар», яғни қандай да бір клиникалық көріністері жоқ, бірақ олар менингококк таратушысы болып табылатын адамдар.

Ауру бірнеше уақыт қарапайым салқын тию сияқты бүркемеленуі мүмкін екендігіне байланысты, уақытында дәрігерге қаралу қажет. Менингитке күдік туындаған кезде пациент жұқпалы аурулар ауруханасы жағдайында жедел емдеуге жатқызылады.

Менингиттің алдын алу үшін:

- қажеттілік болмаса, адамдар көп жиналатын орындарға, сауда-ойын сауық кешендеріне, нашар желдетілетін үй-жайларда өткізілетін мәдени іс-шараларға баруды шектеу;

- суық тию ауруларының белгілері (жөтелу, мұрынның бітелуі, түшкіру және басқалар) бар айналасындағы адамдармен қарым-қатынасты болдырмау;

- салқын тигізбеу және мезгілге сәйкес киіну;

- қолды жуу. Жұқтыруды болдырмау үшін қолды мұқият жуу өте маңызды. Балдарыңызға жиі қол жууды, әсіресе тамақ ішер алдында, қоғамдық орындарда болғаннан кейін, сондай-ақ жануарларды ұстағаннан кейін қол жууды үйретіңіз;

- өз денсаулығыңызды күтіңіз. Қалыпты демалуды, тұрақты спортпен шұғылдануды және дұрыс тамақтануды сақтай отырып, өз иммундық жүйеңізді нығайтыңыз;

– науқас адамдармен қарым-қатынаста болған адамдар медицина қызметкерлерінің бақылауымен профилактикалық мақсатта антибиотиктерді қабылдау бойынша дәрігердің нұсқауын орындауы керек.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы