Абылай Мырзахметов: «Әкімдіктерде кәсіпкерлерге көмегі тиетін қуатты құралдар бар»

Жарияланған: 01.02.2017


Абылай Мырзахметов Елбасы Жолдауындағы Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу тапсырмасы жөнінде осындай пікір білдірді

ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов, Тәуелсіздіктің 25 жылдық белесінен соң келесі кезеңге аяқ басқанымызды атап өтіп, 5 негізгі бағыттың барлығына кәсіпкерліктің қатысы барын келтірді. Оның айтуынша, «Атамекеннің» өз алдына дербес қалыптасқан институт ретінде маңызды құжат арқауына айналуы үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, Палатада құрылған арнайы кеңес сарапшылары, қазіргі заманғы озық технологияларды жіті бақылап отыр.

 «Елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, Үкімет, «Атамекеннің» атсалысуымен лицензия, рұқсат қағаздарын қысқарту арқылы септігін тигізуде. Бірақ расын мойындау керек, өңірлерде жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік салаға көбірек ден қойып, кәсіпкерлікті өркендету жағы кемшін соғып жатады. Әр ауданда филиалдарымыз орналасқандықтан, жағдайдан жете хабардармыз. Өткенде Елбасы қабылдауында да баяндадық, жергілікті жерлерде жер телімдерінің кәсіпкерлерге еш кедергісіз, қағазбастылықсыз, ашық, жария түрде берілуі әлсіз жүруде. Өкінішке қарай онлайн алаңдар дұрыс жұмыс істемеуде», – деді Абылай Мырзахметов ҰКП-да өткен баспасөз мәслихатында .

Сонымен қатар, Басқарма Төрағасының сөзінше, әкімдіктер құрылыс салуға қажет құжаттарды алуды күрделендіріп жіберген. Кейбір салық түрлерінен тыс, елдегі 60-қа жуық индустриялдық аймақ пен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының қызметі бизнесмендердің көңілінен шықпауда.

«Сондай-ақ, инвесторлар тарту орталықтарының іс-қимылы қандай? Яғни әкімдіктердің қолында кәсіпкерлерге көмегі тиетін ауқымды да саналуан қуатты құралдар бар. Алайда бұлардың бәрі пәрменділігін байқатпауда. Орталықтан келетін шағын несиені бөлуді де әкімдіктер шешеді», - деп нақты түйткілдерді тізген Абылай Мырзахметов былтыр бірқатар өңірде шағын несиелеу бағдарламасын табысты атқарған «Атамекеннің» өзіндік тәжірибесін мысалға келтірді.

«Өткен жылы алты облыста пилоттық жобаларды жүзеге асырдық. Осы орайда Қызылорда, Маңғыстау облыстары әкімдіктеріне ризашылығымды айтқым келеді. Сөзіме дәлел, Маңғыстау облысында жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, бірден кәсіпкерлікке оң бетбұрыс аңғарылды. Мұнайлы өңірде «бір терезе» ұстанымымен жаңа орталық ашылды. Шағын кәсіпкерлік өкілдері газ бен су, электр қуатын тарту сынды инфрақұрылымдық мәселелерге жиі шағымданады. Бұл кемшіліктер мен жетістіктер сәуір айындағы рейтинг түзу кезінде ескеріледі», – деген ҰКП Басқарма Төрағасы Жолдауда осы жайттардың барлығы қамтылғанын жеткізді. 

Жалпы, «Атамекен» ҰКП құрылғалы бері заң баптарындағы бизнестің дамуына кедергі келтіретін, сыбайлас жемқорлыққа жол беретін орынсыз талаптарды алып тастауда үздіксіз жұмыс жүргізіп келе жатқаны белгілі.

Елбасы Жолдауында мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс екенін атап өткен.

«Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек. Сондай-ақ, бизнестің қазіргі  қолданыстағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді. Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін. Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек. Бұл жұмысты әсіресе өңірлік деңгейде атқару маңызды. Әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу керек. Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет», – деген Елбасы үздіктер үшін арнаулы сыйлық тағайындалатынын, ол жылына бір рет, Индустрияландыру күнінде табыс етілетінін айтты.

Сонымен қатар, Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды тапсырды.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы