Жасалған жұмыстар мен жоспарлар тізбектелді

Жарияланған: 17.11.2017


Баянауыл ауданында 2017 жылғы 10 қараша күні аудан әкімдігінде Павлодар облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қақамбетов пен облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы Ермұрат Нұрханов өздері басшылық жасап отырған басқармалардағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы туралы есеп берді. Есептік жиынға аудан әкімінің орынбасары Әзілхан Әбеуов, аудандық мәслихаттың хатшысы Темірболат Қасен және депутаттар, бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.

Павлодар облысы тұрғын үй шаруашылығы және энергетика басқармасының басшысы Ермұрат Нұрхановтың баяндамасында бос тұрған барлық (иесі бар не иесіз, пайдаланып отырған не пайдаланусыз тұрған, есепте бар не жоқ) нысандарды түгендеп, коммуналдық меншікке қабылдау туралы жұмыстың атқарылуы айтылды. Баянауыл ауданы бойынша 137,5 шақырым электр беретін құрылғылар мен 29 трансформатты қосалқы станциялар кешені анықталды. Қазіргі таңда иесіз желілер есепке алынып, аудандық және қалалық әкімдіктің жылжымайтын мүлігі ретінде мемлекеттік тіркеу құқығына ие болуда. Жұмыс келер жылы толығымен аяқталуы тиіс. Басқарма басшының айтуынша, бүгінгі күні Баянауыл ауданында 84 қазан мен 41 от қазандығы бар. Оның ішінде «Майқайың алтын» АҚ-ның балансында 40 от қазандығы тұр.  Ағымдағы жылы білім нысандарының үш от қазандығына күрделі жөндеу жүргізіліпті. Жалпы құны – 46,8 млн. теңге. Ағымдағы жөндеу жұмысы әлеуметтік нысандарының 37-і қазандығына жасалды. Жол картасы аясында білім мен мәдениет нысандарының қазандықтарын электрлі жылытуға ауыстыру көзделіп отыр. Олар – Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебі, Үшқұлын негізгі жалпы білім беру мектебі, Академик Қ.Сәтбаев атындағы мемориалдық музейі және аудандық білім бөлімі. Сондай-ақ, Бірлік және Жаңатілек ауылдарының ауылдық мәдениет үйлерінің от қазандықтарын да электрлі жылытуға ауыстыру жоспарда. №2 Баянауыл жалпы орт абілім беру мектебінің от қазандығын сыртқа шығару мәселесі де күн тәртібінде. Басқарма басшысы Е.Нұрханов: – «Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін ең алдымен  мемлекеттік жеке меншіктік серіктестік механизмімен жұмыс жасап көру керек сынды. Яғни, модульді қазандықтар құру жолымен», - деп ойын жеткізді.

Жылу жүйесіне келсек, биылғы жылы Майқайың кентінің 987 шақырымды қамтитын жылу құрылғыларына жөндеу жасау үшін облыстық бюджеттен 21 млн. теңге бөлінген. Көкшетау қаласының «Ишимстрой инвест» ЖШС-мен 18 млн. теңгеге келісім-шарт жасалып, бүгінгі күні 200 метрлі қашықтыққа құбырлар монтажы жасалды. Диаметрі 219 мм болатын 350 метрлі құбырлар әкелінді. 2018 жылы Майқайың кентінің жылу құбырлары жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Абаттандыру турасында Е.Нұрханов:

– Облыстық бюджеттен 1 миллиардтан астам қаржы тек Майқайың кенті мен Торайғыр, Баянауыл ауылдарын көркейту үшін ғана бөлінген.  Оның ішінде Жасыбай демалыс аймағын абаттандыру үшін 118 млн. теңге жұмсалды. Бұл қаржыға Жасыбай көліне түрлі-түсті субұрқақ қойылып, футбол мен волейбол жағажайы үшін алаң жасалды. Көше жарықтандырылып, балалардың ойын алаңы мен жоғарыдан қарайтын 3 сақтаушы мінбе тұрғызылды. Сабындыкөл жағажайына 40,0 млн. теңге жұмсалды. 1 шақырымдық қоршау жасалып, жоғарыдан қарайтын сақтандырушы 2 мінбе, 100 шезлонгтер қойылды. Жағажайды жарықтандыру үшін 2 шақырым сызық жүргізіліп, 26 жарықшамдар ауыстырылды. Баянауылдың орталығында 331 метрлі қоршау қойылып, қырланған кеспе тастар төселіп, 26 фонарлы шамдар қойылды, 35 орындық және қоқыс тастағыш сауыттар орнатылды. 2018 жылы Майқайың кентін абаттандыру, Баянауыл мен Ақсаң ауылдарын жарықтандыру жұмыстары жоспарлануда. Қазіргі таңда облыстық экономика басқармасына бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін 600,0 млн. теңге көлемінде қаржыға өтінім тапсырылыпты.

Есептік жиында баяндама жасаған Павлодар облысының сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Қақамбетовтің мәлімдемесі негізінен «Нұрлы жол» бағдарламасының дамуы турасында өрбіді. Ол:

– Ағымдағы жылы да, келешектегі жоспарда да біз үшін Баянауыл ауданының тиісті сәулет-қала құрылысы деңгейін сақтау және қамтамасыз ету, одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша негізгі міндет болып табылады, алайда алдымызда бірқатар нақты мақсатқа жету қажеттілігі тұр, - деді.

Басқарма басшының баяндамасынан Баянауыл ауданына қатысты бірқатар жайттарды түгендесек. Айтуынша, басқарма жұмысында Қаражар ауылындағы тау шаңғы кешенін, Сабындыкөл, Торайғыр көлдерінің жағасында демалыс аймағын ұйымдастыру жобасының негізінде облыстық туризмді дамыту бағдарламасын іске асыру, Баянауыл ауылында оқу-жаттықтыру, спорт базасын салу көзделіп отыр. Сонымен қатар, ауданның салалық бағыттарды дамыту, жаңғыртуда назардан тысқары емес екендігі байқалады. Баянауыл ауылы аумағын жайластыру мысалында инфрақұрылымдық жобаларға қатысу үшін, сондай-ақ ауыл шаруашылық өнімдерінің өндірісін және қайта өңдеуді, тұрғын үй құрылысын, қызмет көрсету саласын, қоғамдық, коммерциялық мақсаттағы объектілерді, жаңа жұмыс орындарын ашуды, жергілікті халықты жұмыспен қамтуды қаржыландыру көзделген. Баянауыл ауданының қалыптасқан экологиялық ортасын кешенді жақсарту және сауықтыру, табиғи ахуалды, бірегей биологиялық алуан түрлілікті, табиғи ортасының ландшафтын сақтау мақсатында заманауи стандарттарды, жылу-энергия үнемдеуші технологиялар мен материалдарға, жаңартылатын қуат көздерін пайдалануға және қатты тұрмыстық қалдықтарды жоюға негізделген жаңа өндірістерді орналастыру, қолданыстағыларды реконструкциялау және жаңғырту. Салалық мемлекеттік мекелермен, министрліктердің, комитеттердің аймақтық ведомстволарымен және өзге де уәкілетті органдармен бірлесіп, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас жоспарын, кешенді аумақтық даму схемасын әзірлеу, бекіту, ерекше қорғалатын жерлерді пайдалану, су-қорғау және рекреациялық аймақтарды, қала құрылысы мәндерін, құрылыс салуды ұйымдастырудың бірыңғай қағидаларын, тұрғын үй-азаматтық деңгейдегі қызмет ететін, реконструкцияланған және жобаланып отырған объектілерде өртке қарсы және санитарлық нормаларды орындауды сақтау жөніндегі тиісті заңды, құқықтық, нормативтік-техникалық регламентті қайта қарау көзделіп отыр. Бүгінгі күні бұл жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ ЖШС-мен бірлесе жұмыс жасап, ауданның Бас жоспары пысықталуда. Бас жоспар арқылы Шонай елді мекені Баянауылдың шағын ауданы болып енгізіліп, ол жерде 60-қа жуық тұрғын үй бой көтереді деп күтілуде.

Жиынға қатысушылар тарапынан қойлыған сұрақтарға қос басқарманың басшылары нақты жауаптарын берді.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы