Введите ваш запрос для начала поиска.

Жарналардың дер кезінде аударылуын және жеке зейнетақы шотының жай-күйін қалай білуге болады?

Жарияланған: 10.01.2018


Біз дәстүрлі «БЖЗҚ туралы 5 сұрақ» айдарын одан әрі жалғастырамыз. Онда осы айда БЖЗҚ қызметі, зейнетақы жинақтары және жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы ақпарат алу тәсілдері жайында жиі қойылатын сұрақтар қамтылған.

  1. Жарналардың дер кезінде аударылуын және жеке зейнетақы шотының жай-күйін қалай білуге болады?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинақтарының көлемі, жай-күйі туралы ақпарат берудің бірнеше тәсілін ұсынады.    Нақты айтар болсақ: 

- салымшы зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпаратты Қор кеңсесіне тікелей өзі келгенде (республика бойынша Қордың 231 дербес қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді);

- пошта байланысы арқылы (үзінді-көшірме салынған конверт әр жылдың басында салымшының Зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартта немесе жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу туралы өтінішінде көрсетілген мекенжайына жеткізіледі);

- электрондық пошта арқылы (оны таңдаған кезде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат салымшының ЖЗШ ашу туралы өтінішінде немесе хабарлау тәсілін өзгерту туралы келісімге қол қою кезінде көрсеткен электрондық поштасына жолданады);

- логин мен құпия сөзді (пароль) немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, www.enpf.kz сайтындағы «Интернет-үзінді көшірме» бөліміне кіріп, (логин мен құпия сөзді қолдану арқылы ENPF ұялы қосымшасын пайдалануға да болады) өтініш жасау арқылы ала алады.

Мінеки, Сіз осы тәсілдердің ішінен өзіңізге ыңғайлысын таңдай аласыз. Ал біз Сізге зейнетақы жинақтарыңыздың жай-күйін интернет, яғни онлайн қызметтері (www.enpf.kz, www.e-gov.kz және ұялы қосымша) арқылы алуға кеңес береміз. Бұл Сізге кез келген уақытта, кез келген жерде зейнетақы шотыңыздың жай-күйін тез арада біліп отыруға мүмкіндік береді.

Бұл үшін жеке басыңызды куәландыратын құжатпен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) жергілікті бөлімшесіне барып өтініш білдіруіңіз қажет. Сол жерде зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты интернет арқылы алу тәсілін таңдайсыз. Сөйтіп ұялы телефоныңызға «ENPF» ұялы қосымшасын жүктеп аласыз. Кейін, логин мен құпия сөзді (пароль) қолдана отырып, кез келген жерде, кез келген уақытта жеке зейнетақы шотыңыздың жай-күйін осы ұялы қосымшадан көруіңізге болады.

Бұл үшін әрине ұялы телефоныңыз Wi-Fi интернет желісіне жалғануы тиіс.

Айтпақшы, салымшы үзінді көшірме алу үшін кез келген кезеңді (бір күннен бастап бірнеше жылға дейінгі аралық) таңдай алады.

 

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығының бастығы Турсунбаева Г.Т.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы