Зейнетақы жинақтарының сақталуына Қазақстанда және әлем елдерінде қалай кепілдік берілген?

Қазақстандағы жинақтаушы зейнетақы жүйесі өзінің бірегейлігімен ерекшеленеді. «Қазақстанда зейнетақымен қамзсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет зейнеткерлік жасқа толған алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейiн ескере отырып, нақты енгізілген мөлшерінде сақталуына кепiлдiк бередi.

Салымшы зейнеткерлік жасқа толған шақта, ең алдымен оның  зейнетақы жүйесіне қатысқан бүкіл кезеңі ескеріліп, зейнетақы шотындағы жинақтарының табыстылығы есептеледі. Егер табыстылық инфляциядан төмен болса, мемлекет республикалық бюджет есебінен инфляция мен табыстылық арасындағы айырма сомасын төлейді. Мінеки, осылайша салымшылардың жинақтары қаржы нарығындағы әр түрлі ахуалдарға қарамастан, сенімді қорғалған.

Мұндай кепілдік басқа мемлекеттерде жоқ. Мысалы, Чехия, Жапония және Словакияда басқарушы компаниялар жарналардың атаулы құнының немесе инфляцияны ескермей нөлдік инвестициялық табыстылықтың сақталуына ғана кепілдік береді. Германияда зейнетақы қорлары енгізілген жарналарға қатысты зейнеткерлікке шығу күніне қарай 2,25 пайыздық мөлшерлемеге ғана кепілдік береді.

Чилиде зейнетақы активтерін басқарушылар зейнетақы жинақтарының сақталуына таңдап алынған қор түріне қарай кепілдік береді. Бірақ зейнетақы жинақтарының көлемі өткен 36 ай ішіндегі орташа сараланған 2 пайыздық нақты табыстылық деңгейінен төмен болмайды. Ал Швеция, Австралия, Израиль, Норвегия, Мексика, Эстония елдерінде зейнетақы жинақтарының сақталуына кепілдік тіпті берілмейді.

 

 

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығының бастығы Турсунбаева Г.Т.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы