Введите ваш запрос для начала поиска.

Зейнетақы жинақтары мұраға қалдырыла ма?

Жарияланған: 13.03.2018


Жеке зейнетақы шоттарындағы ақшалар салымшының (зейнетақы төлемдерін алушының) меншігі болып табылады және ол қайтыс болған жағдайдың өзінде БЖЗҚ-да мерзімсіз сақталады. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 31, 32, 33 баптарына сәйкес  бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, олар толық көлемде және заңнамада белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.       

 

Одан басқа, Заңға сәйкес, салымшы немесе зейнетақы төлемдерін алушы қайтыс болған жағдайда оның отбасына немесе жерлеуді жүзеге асырған адамға республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде жерлеуге арналған біржолғы төлем төленеді. Бірақ, бұл сома жеке зейнетақы шотында жатқан қаражаттан аспауы тиіс. Егер, жерлеуге арналған біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының зейнетақы шотында қалған қаражаттың сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын болса, онда бұл қалдық жерлеуге арналған біржолғы төлемнің сомасына қосылып төлененді.

 

Сонымен қатар, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ҚР Салық кодексінің 158, 160 және 170- баптарына сәйкес БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері төлем көзінен жеке табыс салығы салынатын табысқа жатады. Сондықтан аталмыш кодекстің 158-бабының 1-тармағына сәйкес алушының БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері түріндегі табысына Салық кодексінде көзделген түзетулер мен салықтық шегерімдерді ескере отырып 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы салынады.

 

Қайтыс болған салымшының (алушының) мұрагері оның зейнетақы жинақтарын алу үшін БЖЗҚ кеңсесіне өзі келіп, сондай-ақ пошта байланысы немесе сенім артылған адам арқылы өтініш бере алады. 

 

Мұрагер өтінішке қоса мұрагерлік құқығы туралы куәліктің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі не мұраға берілетін мүлікті бөлу туралы келісімнің түпнұсқасы немесе нотариат куәландырған көшірмесі және заңды күшіне енген сот шешімін ұсынуы тиіс.

 

Ұсыну тәсіліне қарай құжаттардың тізімі Қор сайтының «Қызметтер» - «Алушыларға» - «Зейнетақы төлемдерін рәсімдеу тәртібі» - «Алушының қайтыс болуына байланысты БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдері» бөлімінде қолжетімді. 

 

 

 

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығының бастығы Турсунбаева Г.Т.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы