Зейнетақы төлемдері – жинақтау нәтижесі

«Кім көп жұмыс істесе, сол көп зейнетақы алатын болады»

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.

2018 жылғы қаңтар

 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі бірнеше бөлімнен тұрады.

Олар – мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы төлемдері. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жұмыскердің 10 пайыздық міндетті зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің қаражатынан еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерінің пайдасына аударатын 5 пайыздық міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері, сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтар. Бұл мақалада БЖЗҚ-дан жүзеге асырылатын зейнетақы төлемдері жайында әңгіме қозғалады.

 

Зейнетақы жүйесінің қалай жұмыс істейтіндігін білу, түсіну, болашақ зейнеткерлерге құрметті демалысқа алдын ала дайындалуға мүмкіндік беретіндігі сөзсіз. Яғни, болашақ туралы, зейнетақы туралы, еңбекке қабілетсіз жастағы қаржылық тәуелсіздік туралы ерте бастан ойлану керек. Зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі толығымен мемлекеттің жауапкершілігінде болған уақыт келмеске кетті. Әрине, қазір де мемлекетіміз жауапкершіліктен толығымен бас тартпайды. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар зейнеткерлерге ортақ зейнетақы әлі де төленіп келеді. Сонымен қатар қазір барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде базалық зейнетақы төленеді. Бірақ, қазіргі заманда зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және жұмыскерге оңтайлы үлестірілуі тиіс. Жинақтаушы зейнетақының қандай болатындығы жұмыскердің өзіне байланысты. Қанша жинасаң, сонша аласың. Бұл ақылға қонымды логика. Сондықтан, жалақыларын «конвертпен» алатын азаматтар болашақта қомақты зейнетақы алудан құр қалатындарын білулері тиіс. 

 

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға құқылы азаматтар:

- Зейнеткерлік жасқа толған азаматтар - ерлер 63 жасқа толғанда, әйелдер 58,5 жасқа толғанда (биылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 2027 жылға дейін 63 жасқа толғанша жылына 6 айға ұлғайтылып отырады);

- мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

- Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

- Зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның мұрагерлері, отбасы мүшелері.

 

2018 жылғы өзгерістер

1) Төлемдер кестесі

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері тек ай сайын жүзеге асырылады. Зейнетақы Қорынан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға және 1-ші, 2-ші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген адамдарға ай сайын төленеді. Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді.  2018 жылы бұл сома: 33 745 x12 =404 940 теңгені құрайды. Бұл сомадан артық қаражаттың барлығы тек ай сайын төленеді. БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 Қаулысымен бекітілген, Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесіне сәйкес, зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады.

Зейнетақы жинақтары есебінен біржолғы төлемдер Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету фактiсiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, сондай-ақ зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне, жерлеуді ұйымдастырған адамға және мұрагерлерге төленеді.  

2) Әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту

Әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту 2018 жылдан 2027 жылды қоса, 10 жыл бойы жыл сайын 6 ай қосылып отыру арқылы іске асырылады және 2027 жылы ол ерлердің зейнеткерлікке шығу жасымен теңестіріледі (63 жас). Бұл 1998 жылдың 1 қаңтарындағы жай-күй бойынша іргелі зейнетақы тағайындау үшін қажетті әйелдердің еңбек өтілінің біртіндеп азайтылуымен байланысты. Сондай-ақ, жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін көбейтуге, сөйтіп, олардың көбірек қаражат жинай алуына мүмкіндік береді.

Өз болашағы туралы ойланатын адамдардың барлығын да зейнеткерлікке шығу мәселесі толғандырмай қоймайды. Қорға қатысушы үшін ең негізгі мәселе әйелдердің зейнеткерлік жасының ұлғатылуы немесе төлемақы кестесі емес, олардың есепшотында жинақталған сома деңгейі болуы тиіс. Зейнетақы жинағының сомасы салымшы жарнасының үздіксіздігіне және жиілігіне тәуелді. Біз барлық еңбек еткен өмірімізде жинағанымыз оның зейнетақымыздағы деңгейі қанша болатынын  қамтамасыз етеді. Оның деңгейі қандай болатыны тек адамның өзіне  байланысты. Қазақстан Республикасының зейнетақылық қамтамасыз ету туралы заңнамасы зейнетақыны әртүрлі көздерден төлемақылар жиынтығы ретінде анықтайды, дәлірек айтқанда, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен (іргелі зейнетақы) және салымшының өз қаражатынан (жинақ компоненті, БЖЗҚ-дан төлемдер), олардың нысаналы тағайындалуы – еңбекке жарамсыз кезеңде зейнеткерлердің тұрақты кірістерінің бірдей мөлшерін қамтамасыз ету болып табылады.         

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығының бастығы Турсунбаева Г.Т.

тел: 87184090102

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы