Зейнетақы Қорынан ақшаны зейнеткерлік жасқа жетпей жатып алуға бола ма?

Жарияланған: 13.11.2017


- Зейнетақы Қорынан ақшаны зейнеткерлік жасқа жетпей жатып алуға бола ма?

 

Ағымдағы заң талаптарына сәйкес БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарын

зейнеткерлік жасқа жетпей жатып пайдалануға болмайды. Өйткені, міндетті зейнетақы жарналарын аударудағы басты стратегиялық мақсат – зейнеткерлікке шыққан салымшының тіршілігін қажеттілігін қамтамасыз ету.

Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу мәселесі әр түрлі деңгейде бұған дейін талай рет талқыланған. Мысалы, кейбір елдерде «артығымен жинақталған» зейнетақы жинақтарын (зейнеткерлікке шыққан кезде өмір сүруге жеткілікті ең төмен зейнетақы жинағы мөлшерінен артық сома) емделуге, білім алуға және басқа да мақсаттарға жұмсау көзделген. Бірақ, Қазақстанда қазіргі таңда заңнамалық деңгейде бұл бастамалар жүзеге асырылған жоқ.   

Бүгінгі таңда ағымдағы заңнама аясында БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен  зейнетақы төлемдері «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 21 маусымдағы № 105-V Заңында көрсетілген жағдайлар туындағанда, яғни ерлер 63 жасқа, әйелдерге 58 жасқа толғанда (бұл ретте әйелдерге жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау: 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жасқа толғанда; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жасқа толғанда; 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жасқа толғанда; 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жасқа толғанда; 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жасқа толғанда; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жасқа толғанда; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жасқа толғанда; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жасқа толғанда; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жасқа толғанда; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа толғанда) және мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген  бірінші және екінші топтағы мүгедек жандарға төлене бастайды.

Сонымен қатар, жоғарыда айтылған жағдайлар туындағанға дейін, Сіз  өзіңіздің зейнетақы жинақтарыңызды зейнетақы шотыңыздағы қаражатыңыз ең төмен зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз етуге жеткілікті болған кезде сақтандыру ұйымдарының бірімен зейнетақы аннуитетi шартын жасасу арқылы ала аласыз. 

Бұл ретте осы заңның 59-бабының 1-тармағына сәйкес, ерлер 55 жасқа толғанда; әйелдер 50 жасқа толғанда;

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 50,5 жасқа;

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51 жасқа;

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 51,5 жасқа;

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52 жасқа;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 52,5 жасқа;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53 жасқа;

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 53,5 жасқа;

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54 жасқа;

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 54,5 жасқа;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 55 жасқа толғанда зейнетақы аннуитеті шартын жасасуға құқылы. 

Зейнетақы жинақтарының нақты жеткілікті мөлшері сақтандыру ұйымдарымен жасалатын зейнетақы аннуитеті шартының шарттарымен белгіленеді.  

Әрбір сақтандыру ұйымы зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін қажет болатын зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерін дербес есептейді.  

Дегенмен, зейнетақы аннуитеті шарты негізінде салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымдарына аудару тәжірибесіне сүйеніп айтар болсақ, зейнетақы жинақтарының сомасы 55 жастағы ерлер үшін шамамен 7 млн. теңге, ал 50 жастағы әйелдер үшін шамамен 9,8 млн. теңгені құрайды.     

Зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аудару туралы шешім қабылдай отырып, зейнетақы аннуитеті шартын тиянақты оқу қажет. Бұл жерде бір жолғы төлемдер мен жылдық төлемдердің мөлшеріне, кепілдендірілетін кезеңге баса назар аударған жөн.  

 

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығының бастығы Турсунбаева Г.Т.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы