Введите ваш запрос для начала поиска.

Зейнетақы 5%-ға көбейеді

Жарияланған: 27.09.2016


2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының қосымша 5%-ын белгілеу есебінен жаңа шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесін (ШЖЖ) енгізу қарастырылды. Анықтамасының өзі анықтап тұрғандай, бұл салымдарды жұмыс беруші енгізеді, сондықтан олар азаматтардың меншігі болмайды және мұраға қалдырылмайды.

Осыған байланысты соңғы кездері халық арасында түсінбеушілік, одан қала сенімсіздік орын алуда. Оның себебі де бар. Жұмыс істейтін азаматтардың көпшілігі  10% міндетті зейнетақы жарналары болғандықтан, ЖМЗЖ-ның не үшін енгізілетінін білмей дал болуда. Олардың көпшілігінде жаңа өзгерістердің енгізілуіне орай жұмыс берушілер де жалақыны дәл сол 5%-ға азайтуы мүмкін деген үрей бар.

Халықтың бұлай үрейленуі еліміздегі азаматтардың қаржылық сауаттылығының әлі де болса төмен деңгейде болуына байланысты. Ақпараттың қолжетімділігіне қарамастан, елімізде салымшылардың инвестициялық табысын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) алып отыр деп ойлайтын адамдар да кездеседі. Мұндай жаңсақ пікір қасақана ниеттен емес, зейнетақы мен қаржы жүйесінің жұмысын түсінбегендіктен туындап отыр.

Енді ШЖЖ енгізу мәселесін барынша қарапайым тілмен түсінідіріп көрейік. Бүгінгі таңда зейнетақы үш бөліктен тұрады, олар – базалық, ортақ және жинақтаушы.

Базалық  – ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) 50%-ы. Зейнетақының бұл бөлігі еңбек өтіліне қарамастан зейнеткерлердің барлығына мемлекеттік қазынадан төленеді.

Ортақ. Бұл зейнетақыны 1998 жылға дейін аз дегенде жарты жыл еңбек өтілі болған адамдар алады (оған ЖОО-да оқыған кезең де кіреді). Яғни зейнетақының бұл бөлігін 1979-1980 жылдары туылған азаматтар соңғы рет алатын болады. Зейнетақының бұл бөлігі де бюджеттен беріледі.

Енді жинақтаушы зейнетақы бөлігіне тоқталайық. Бұл әлдеқайда жеңіл. Жинақтаушы жүйе дегеніміз салымшының өзі аударатын жинақ бөлігі, басқа сөзбен айтқанда 1998 жылдан бастап жалақыдан жеке зейнетақы шотына аударылып отыратын, дәулетті кәрілікті қамтамасыз етуге арналған 10% зейнетақы.

Бұдан «зейнетақы бір нәрседен болса да жиналуда, онда ШЖЖ не үшін енгізу керек?» – деген сұрақ туындайды.

Мұның сырын анықтау үшін ортақ зейнетақыға оралайық. Сонау Кеңес одағы кезінде бір зейнеткер үшін төрт адам жұмыс істеген. Төрт еңбеккер тиісті салығын төлеп отырса, бір адам құрметті демалысының рахатын көріп отырған. Алайда, үкімет құлап, дағдарыс орын алған кезде халықтың жұмыс істейтін бөлігі айтарлықтай қысқарды, ал бұл мемлекет қазынасындағы түсімге де әсерін тигізді. 1998 жылға қарай бір зейнеткерге 1,8 жұмыскерден келіп отырды.

Бұған қоса, сұрапыл соғыстан кейінгі 50-60 жылдары бала туу өте жоғары деңгейді көрсеткен болса, 90-шы жылдары бала туу деңгейі өте төмен көрсеткішке жеткен. Осыған орай, бүгінгі жұмыс істейтін жастар (25-30 жас) зейнеткерлерді (65-75 жас) толық көлемде қамтамасыз ете алмайды, себебі жұмыс істейтін халық саны кеңес заманымен салыстырғанда екі есеге азайған. Бірақ бүгінде бір зейнеткерге шаққанда жұмыс істейтін әрі зейнетақы жарналарын үздіксіз аударатын адамдар саны 90-жылдардың аяғына қарағанда біраз болса да көбейген - 2,2. Осы деректерді және 1998 жылға дейінгі еңбек өтілінің барған сайын азайып келе жатқанын ескере келіп, ортақ зейнетақы бөлігін біртіндеп ауыстыру қажеттілігінің туындағанын көреміз.

Қазақстан халқының белгілі бір бөлігінің БЖЗҚ-ның үлгілі салымшылары емес екенін ұмытпаған жөн, олар зейнетақы аударымдарын өте сирек жасайды, не мүлде жасамайды. БЖЗҚ-дағы 10 миллион шоттың ішіндегі БЖЗҚ-ға үздіксіз жарналар аударатын салымшылар саны 6,4 миллион адамды немесе халықтың жұмыс істейтін бөлігінің 75%-ын құрайды. Қалған белсенді, бірақ жарна аудармайтын тұрғындар да (ал ол 3,5 миллионнан асады) зейнет жасына толғаннан кейін «лайықты» зейнетақысын алғысы келеді.

Сондықтан жан-жақты есептеп, халықаралық тәжірибені игергеннен кейін ғана заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Оның ішінде базалық зейнетақы да бар. 2018 жылдан бастап 10 жыл және одан аз өтілі болған немесе өтілі мүлдем болмаған жағдайда зейнетақы мөлшері ЕТК-ның  50%-на тең болады. Ол әрбір келесі толық жыл үшін 2%-ға ұлғайып отырады. Яғни 20 жылдық өтіл болғанда, базалық зейнетақы 70%, 30 жыл болғанда - 90%, ал өтіл 35 жыл және одан да көп болғанда 100%  ЕТК-ны құрайтын болады. Бұған қоса өтіл еңбек кітапшасындағы жазбалармен ғана емес, БЖЗҚ-ға тұрақты аударылған зейнетақы жарналарымен де расталуы тиіс.

Зейнетақының жалпы сомасына жұмыс беруші есебінен төленетін жарналар да қосылуы тиіс. Жұмыс берушінің жаңа 5% міндетті зейнетақы жарналарының басты артықшылығы мынада: жұмыс беруші осы жарналарды аударатын зейнеткер (5 және одан да көп өтілі болғанда) өзінің шартты зейнетақы шотындағы қаражаты таусылса да, осы құрамдауыштағы зейнетақыны өмір бойы алатын болады. Жинақтар мұраға қалдырылмайтын болғандықтан, жүйеден кеткен (қайтыс болған/басқа жаққа кеткен)  адамдардың жинақтары басқа пулға қатысушылардың шоттарына бөлінеді.

ШЖЖ үлгісі эксперимент үшін жасалған жаңа үлгі емес. Бұл Швеция, Норвегия, Латвия секілді және т.б. батыс елдерінде толыққанды жұмыс істеп келе жатқан зейнетақы үлгісі.

Зейнетақы жүйесі үздіксіз дамып отырады. Қазақстанның зейнетақы үлгісінде үш тараптың: мемлекеттің, жұмыс беруші мен салымшының қатысуы және олардың мүдделі болуы көзделген. Мемлекет зейнетақының базалық деңгейіне, зейнетақы жинақтарының сақталу кепілдігіне және БЖЗҚ-ның қызметіне жауап береді. Жұмыс берушіге және бәрімізге міндетті зейнетақы жарналарын уақтылы әрі толық аудару мен қызметкердің шартты-жинақтаушы шоттарын толықтыру жауапкершілігі жүктелген. Өйткені бұл –  БІЗДІҢ болашағымыз.

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы