Салымшы қайтыс болған жағдайда, зейнетақы жинақтары кімге, қалай және қандай көлемде мұраға қалдырылады?

Жарияланған: 20.12.2016


  1. Салымшы қайтыс болған жағдайда, зейнетақы жинақтары кімге, қалай және қандай көлемде мұраға қалдырылады?

Міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы жинақтарын заңнамада белгіленген тәртіппен өсиетхат бойынша да, заң бойынша да мұраға алуға болады. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің ережелеріне сай мұрагерлер заң бойынша кезектілік тәртібімен мұрагерлікке шақырылады. Заң бойынша мұрагер болу құқығын бірінші кезекте мұра қалдырушының балалары, сондай-ақ оның жұбайы (зайыбы) мен ата-анасы тең үлеспен алады. Бірінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын екінші кезекте мұра қалдырушының бір әке, бір шешеден туған және әкесі немесе шешесі бөлек аға-інілері мен апа-қарындастары (сіңлілері), сондай-ақ оның әкесі жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесі тең үлеспен алады. Егер бірінші және екінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын үшінші кезекте мұра қалдырушының әкесімен бірге туған ағалары мен апалары, нағашы ағалары мен нағашы апалары тең үлеспен алады. Егер бірінші, екінші және үшінші кезектегі мұрагерлер болмаса, заң бойынша мұрагер болу құқығын мұра қалдырушының алдыңғы кезектегі мұрагерлеріне жатпайтын үшінші, төртінші және бесінші туыстық дәрежесіндегі  туыстары алады.

Заңнамада белгіленген тәртіппен мұрагерлік құқық ресімделген және зейнетақы жинақтарын төлеуге қажет құжаттар БЖЗҚ-ға берілген соң зейнетақы жинақтары мұрагерлерге зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініште көрсетілген банк шотына аударылады.

 

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығы бастығының м.а. Турсунбаева Г.Т.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы