Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарын алуға кімнің құқығы бар?

Жарияланған: 20.02.2017


Газеттердің редакциларына, www.enpf.kz сайтына, әлеуметтік желілердегі БЖЗҚ парақшаларына, Қордың байланыс орталығына зейнетақы жинақтары мен жалпы зейнетақы жүйесі туралы көбірек білгісі келетіндерден сауалдар келіп түседі. Олардың ішіндегі ең көп қойылатын сауалдарға жауапты «БЖЗҚ сұрақтарға жауап береді» айдарынан оқи аласыздар.

  1. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен құралған зейнетақы жинақтарын алуға кімнің құқығы бар?

Заңның 32-бабының ережелеріне сай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдеріне құқық БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар тұлғаларға беріледі:

1) зейнетақы жинақтары республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең аз зейнетақы мөлшерінен кем емес төлемді қамтамасыз етуге жеткiлiктi болған кезде сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасау арқылы жалпы алғанда міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары кемінде алпыс күнтізбелік ай төленген, елу жасқа толған тұлғалар;

2) Заңның 11-бабының 1-тармағында көзделген жағдайлар орын алған кезде, атап айтқанда:

- 63 жасқа толған ерлер;

- 58 жасқа толған әйелдер (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап - 58,5 жас; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59 жас; 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап - 59,5 жас; 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60 жас; 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60,5 жас; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61 жас; 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап - 61,5 жас; 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62 жас; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 62,5 жас; 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 63 жас);

3) егер мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер;

4) Қазақстан Республикасының аумағына тысқары жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар.

Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар тұлға қайтыс болған* жағдайда, зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға беріледі.

  1. Ерікті зейнетақы жарналары есебінен құралған жинақтардан төлемдерді қандай жағдайда алуға болады?

Заңның 33-бабының ережелеріне сай ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдеріне құқық БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар тұлғаларға беріледі:

1) 50 жасқа толған тұлғалар;

2) мүгедектер;

3) Қазақстан Республикасының аумағына тысқары жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған кету ниетін немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар.

Сонымен қатар ерікті зейнетақы жарналары есебінен БЖЗҚ-да зейнетақы жинағы бар тұлға қайтыс болған* жағдайда, зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға беріледі.

* Алушы, сондай-ақ БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және зейнет жасына толмаған тұлға қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не оны жерлеген тұлғаға БЖЗҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде, бірақ жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған бір жолғы төлем жасайды.

 

 

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығы бастығының м.а. Турсунбаева Г.Т.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы