Мен 10 жылдан кейін зейнеткерлік жасқа толамын. Сол кезде шамамен қанша мөлшерде зейнетақы алатынымды білгім келеді. Ай сайынғы төлемнің мөлшері қалай есептеледі?

Қазақстан Республикасында жиынтық зейнетақы екі төлем көзінен құралады. Олар: мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және ортақ зейнетақы, сондай-ақ БЖЗҚ-дан: міндетті зейнетақы жарналары және ерікті құрамдауыш есебінен қалыптасқан төлемдер.

2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу механизмі өзгертілді. Енді оны тағайындағанда 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі жылдардағы еңбек өтілі ескеріледі. Яғни, еңбек өтілі көп болған сайын базалық зейнетақының мөлшері де ұлғая түседі. Базалық зейнетақыны тағайындаумен «Азаматтарға арналған үкімет» «Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы айналысады. Сондықтан базалық зейнетақыны тағайындауға қатысты сұрақтар бойынша корпорацияға бірыңғай «1414» тегін телефон нөмірі арқылы хабарласуға немесе оның Facebook, Twitter және Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына өтініш жазып қалдыруға болады. 

Енді БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатын төлемдерге келер болсақ, ай сайынғы төлемнің мөлшерін есепту үшін зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициенттерінің кестесі пайдаланылады. Бұл кесте Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген. Сондықтан ай сайынғы төлемнің мөлшері алушының жасы мен жеке зейнетақы шотындағы қаражаттың сомасына тәуелді. Алушының жасына қарай зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті коэффициентке көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Одан шыққан сома Қордан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемдері болып саналады.     

Атап өту керек, жинақтар көлемді болған сайын ай сайынғы төлемнің сомасы да жоғары болады. Сәйкесінше бұл төлемдер ұзақ уақыт жүзеге асырылады.   Бұл құрамдауыш бойынша төлемдердің көлемі адамның өзіне байланысты – еңбек жолында болашағыңа қанша қаражат жинасаң, зейнет жасында сондай көлемде зейнетақы аласың деген сөз. Осылайша азаматтар қазірден бастап Қордағы жеке шоттарына зейнетақы жарналарын жиі және қомақты мөлшерде аударып тұрулары керек. Өйтпеген жағдайда зейнетақы мөлшері аз болады.  Сондықтан Қордан зейнетақы төлемдерін алудың жаңа әдістемесі зейнетақы жинақтарын дер кезінде қалыптастыру керектігін шынайы түрде көрсетіп береді. Яғни, төлем сомасы жинақтардың көлеміне тікелей байланысты.  

Мысалы, бір салымшының шотында 6 млн теңге, ал басқа салымшыда бар болғаны 1 миллион теңге болса, олардың ай сайын алатын зейнетақы төлемдерінің мөлшері де әр түрлі болады.   

Қор сайтында орналасқан зейнетақы калькуляторы қазірдің өзінде болашақ зейнетақының болжамды мөлшерін есептеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте аз мөлшерде болса да тұрақты негізде аударылатын ерікті зейнетақы жарналарының арқасында зейнетақы жинақтарының көлемін елеулі түрде арттыруға болатындығына көз жеткізе аласыз.   

Қордың www.enpf.kz сайтының «Электрондық қызмет көрсету» бөлімінде орналасқан зейнетақы калькуляторы (https://www.enpf.kz/kz/elektronnye-servisy/calcs.php) ай сайынғы жиынтық зейнетақыны (ол ортақ және базалық зейнетақыны да есепке алады) өз бетіңізбен есептеуге мүмкіндік береді.      

Бұл үшін зейнетақы калькуляторының тиісті бағандарына еңбек өтілі (еңбек қызметінің басынан бері), зейнетақы жинақтарының сомасы және айлық табыстың сомасын енгізу қажет. Бұдан басқа, «БЖЗҚ» АҚ-тың жаңа: зейнетақыны жоспарлау мәселелері бойынша салымшылар мен алушыларға дербес кеңес беру қызметін пайдалануға болады. 

2018 жылдың сәуірінде Қор дербес кеңес беру қызметін іске қосты. Бұл ретте жеке және корпоративті зейнетақы калькуляторлары қолданылады. Бұл қызмет қазір тұрғындар арасында танымал болып жатыр. 2018 жылдың тамыз айында «БЖЗҚ» АҚ филиалдары зейнетақыны жоспарлау бойынша 58 107 ақыл-кеңес өткізген.  Сіз осы мәселе бойынша Қордың жергілікті бөлімшесіне жүгіне аласыз.  

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығының бастығы Турсунбаева Г.Т.

тел: 87184090102

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы