Кәмелетке толмаған жасөспірімнің атына жасқа жеке зейнетақы шотын ашуға бола ма?

Еңбек кодексінің 30-бабына сәйкес он алты жасқа толғандарға еңбек шартын жасауға рұқсат етіледі. Бірақ, бұл ретте ата-ананың бірінің, қамқоршысының немесе асырап алушысының жазбаша келісімі бойынша шартты бұған дейін де жасасуға болады.  

15 жастан бастап жасөспірімге, егер ол негізгі орта білім алған болса, жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ал 14 жастан бастап тек оқудан бөлек уақытта ғана жұмыс істеуге болады. Бұл ретте жұмыс оқу үдерісіне және денсаулыққа кері әсерін тигізбеуі керек.    

Ал 14 жасқа дейінгі жеткіншектердің театрда ойнап, киноға түсулеріне болады. Бірақ, бұл жұмыстар да сабақтан тыс уақытта жүзеге асырылуы керек және баланың өнегелі дамуына және денсаулығына кері әсер етпеуі тиіс. 

Еңбек шартына кәмелетке толмаған жасөспірім мен оның заңды өкілі де қол қоюы керек. Жұмыс беруші еңбек шартына сәйкес айлық жалақыны төлей отырып, кәмелетке толмаған жасөспірім үшін оның жеке зейнетақы шотына зейнетақы жарналарын да төлеуге міндетті. Зейнетақы Қорына кәмелетке толмаған тұлға келіп өтініш жасаған кезде міндетті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашу жөніндегі арызды рәсімдеу үшін мынадай құжаттар қажет:  

1) туу туралы куәлік және егер бар болса, кәмелетке толмаған тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы;

2) заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжат;

3) ата-анасы болмаған кезде қамқоршылық/қорғаншылық тағайындалғанын растайтын құжаттың түпнұсқасы (қамқоршы тағайындалғаны туралы анықтама немесе баланы патронат тәрбиеге беру туралы шарт).

14 жасқа дейінгі тұлғаның өтінішіне оның заңды өкілі қол қояды. 14 жастан 18 жасқа дейінгі тұлғалардың өтініштеріне олардың заңды өкілдерінің жазбаша келісімі болса жеткілікті.

Міндетті зейнетақы жарналарын есеп алу үшін жеке зейнетақы шотын ашудан басқа, кәмелетке толмағандар БЖЗҚ-мен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасаса алады. 

Жарналардың мөлшері, оларды аудару және қалыптасқан жинақтар есебінен төлемдер жасау тәртібі шарт тараптарының келісімі бойынша айқындалады.

 

 

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығының бастығы Турсунбаева Г.Т.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы