Введите ваш запрос для начала поиска.

БЖЗҚ сұрақтарға жауап береді

Жарияланған: 05.06.2017


Зейнет жасына келіп қалған адамдар мен зейнетке шығып қойған зейнеткерлерді зейнетақы есебіндегі жыл сайынғы өзгерістер толғандыратыны сөзсіз. Сіз үшін бұл қиын ба? Біз сізге осы мәселенің шешімін табуға көмектесеміз. Сол үшін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін ресімдеу мен алу тәртібіне қатысты ең өзекті сауалдарға берілетін жауаптарды Сіздің назарыңызға ұсынамыз.

1. Зейнетақы төлемдеріне жеке табыс салығы (ЖТС) салына ма?

Зейнетақы төлемдері төлем көзінен салық салынатын табысқа жатады (ҚР Салық кодексінің 160-бабы). Зейнетақы төлемдеріне ҚР Салық кодексінде көзделген түзетулер мен салық шегерімдерінің сомасы ескеріле отырып, 10 пайыз мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы салынады.

Мысал ретінде ең төмен зейнетақының 30 еселенген мөлшеріндегі кесте бойынша төленетін зейнетақы төлемдерін қарастырып көрейік (30*28 148 = 844 440 теңге).

Кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алушы – зейнет жасына толған резидент тұлғалар – БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері түріндегі табыстан салық шегерімдеріне құқығы бар тұлғалар (Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 170-бабы). Демек, ЖТС салық шегерімдері қолданыла отырып ұсталады. ЖТС салынбайтын зейнетақы жинақтарының сомасы ағымдағы қаржы жылына белгіленген ең төмен жалақының 12 еселенген мөлшеріне тең. 2017 жылы бұл көрсеткіш – 24 459 теңге, демек ЖТС салынбайтын сома – 293 508 теңге (12*24 459). 550 932 теңге (844 440 - 293 508) сомасына ЖТС салынады. ЖТС мөлшері – 55 093,20 теңге (844 440 - 293 508) * 10%). Алушының банк шотына 789 346,80 теңге (844 440 - 55 093,20) мөлшеріндегі сома аударылады.

Бұдан басқа, салық жеңілдіктері қолданылатын азаматтар санаты бар. Олар үшін ағымдағы қаржы жылына белгіленгенең төмен жалақының 75 еселенген мөлшері шегінде ЖТС-қа түзету көзделген (75*24 459 = 1 834 425 теңге).

Мұндай тұлғаларға:

· Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестiрiлген адамдар;

· Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ерен еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған адамдар;

· 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде 6 ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы ерен еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдар;

· I, II, III топтардағы мүгедектер;

· мүгедек бала;

· «мүгедек бала» санатындағы адам он сегіз жасқа толғанға дейін оның ата-анасының бірі, қорғаншысы, қамқоршысы;

· «бала кезінен мүгедек» деген себеппен мүгедек деп танылған адамның өмір бойына, оның ата-анасының бірі, қорғаншысы, қамқоршысы;

· асырап алған бала он сегіз жасқа толғанға дейін бала асырап алушының біреуі жатады.

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығы бастығының м.а. Турсунбаева Г.Т.


2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы