Алдағы уақытта базалық зейнетақы төлемдерінің зейнетақы жарналарын жинақтау өтіліне байланысты есептелетіндігі туралы естідім. Осыны толығырақ түсіндіріп берсеңіз.

Жарияланған: 12.02.2018


Бүгінде елімізде зейнеткерлердің барлығы бірдей 15 274 теңге көлемінде базалық зейнетақы төлемдерін алады. Бірақ, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлеудің жаңа тәртібі енгізіледі. Мұнда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері салымшының зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне байланысты тағайындалады. Бұл жерде 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі де ескерілетін болады. 

Егер қатысу мерзімі жоқ немесе 10 жылға дейін болса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады, ал 35 жыл және одан көп болатын болса, онда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшеріне тең болады және одан асырылмайды. 

Жаңа енгізілімнің арқасында еңбек өтілі жоғары адамдар үшін базалық зейнетақы төлемдерінің көлемі екі есеге дейін артуы мүмкін. Бұл зейнетақының өсуіне септігін тигізері сөзсіз.   

Осылайша, адамдарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыру көзделіп отыр. Яғни, зейнетақы жинақтарының көлемі өскен сайын, болашақта алатын зейнетақының мөлшері де арта түседі.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы