Айтыңызшы, мен азаматтығы жоқ адаммын, Ресейде тұруға ықтияр хатым бар. Осыған байланысты өзімнің зейнетақы жинақтарымды ала аламын ба?

Жарияланған: 20.11.2017


- Айтыңызшы, мен азаматтығы жоқ адаммын, Ресейде тұруға ықтияр хатым бар. Осыған байланысты өзімнің зейнетақы жинақтарымды ала аламын ба?

 

БЖЗҚ «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы заңының талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпте зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға міндетті. 

Бұл тәртіп, сондай-ақ қажетті құжаттар тізбесі Қазақстан Респуб­ликасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазан­дағы №1042 қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнет­ақы төлемдерін жүзеге асыру қағида­ларында айқындалған.

Мысалы, онда 8-тармақ мынадай редакцияда жазылған:
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен зейнетақы жинақ­тары бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өздері өтініш жасаған кезде БЖЗҚ-ға:

1) зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш;

2) егер Қазақстан Республикасы ратифи­кациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік паспорттың көшірмесін және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын;

3) алушының банк шоты туралы мәлімет­терді ұсынады.
«Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жеке басын куәландыратын және құқықтық мәртебесін растайтын, Қазақстан Республикасы мойындайтын бірден бір құжат – шетелдік паспорт болып табылады.

Сондықтан зейнетақы төлемдерін алу үшін ықтияр хат емес, шетелдік паспорт  қажет.

 

- Таяуда зейнетақы шотыма мемлекеттік кепілдік бойынша өтемақы келіп түсті. Бұл соманы есептейтін әдістеме бар ма және оны қай жерден көруге болады? 

 

Зейнетақы жинақтары бойынша мемлекет кепілдігі сомасын есептеу әдістемесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 10 сәуірдегі
№ 341 қаулысымен бекітілген «Зейнетақы төлемдерін алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуы бойынша мемлекет кепілдіктерін инфляцияның деңгейін ескере отырып, орындау қағидаларымен» айқындалады.

Бұл Қағидалармен біздің сайтта мына сілтеме бойынша таныса аласыз:

http://www.enpf.kz/upload/medialibrary/5a0/5a0d0bc5364d4727771a3bdf67b7acaa.pdf

 

- Ұялы қосымшаны телефонға қалай жүктеуге және зейнетақы шоты бойынша үзінді-көшірмені қалай көруге болады?

 

Смартфондар мен планшеттерге арналған, әр түрлі операциялық жүйелерде жұмыс істейтін ENPF ұялы қосымшасы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары мен алушыларына арналған. 

Қосымшаның функционалы Қор туралы маңызды ақпараттарды, сондай-ақ зейнетақы шотының жай-күйі туралы мәліметтерді алуға мүмкіндік береді. 

ENPF ұялы қосымшасын сіз App Store (iOS платформасы үшін), Play Market (Android платформасы үшін) және Microsoft Store (Windows Phone және Windows Mobile платформалары үшін) қосымшылар дүкенінен тегін жүктеп ала аласыз. 

Авторлану үшін логин және құпия сөз (пароль) керек. Солардың көмегімен салымшы (алушы) Қор сайтында жеке кабинетке кіре алады. Қазіргі таңда логин ретінде өзіңіздің жеке сәйкестендіру нөміріңізді (ЖСН) енгізсеңіз болғаны.

Егер Сіз хабарлау тәсілі ретінде интернет-хабарландыру қызметін таңдаған болсаңыз сайттың жеке кабинетіне тіркеле аласыз. Ал егер оны таңдамаған  болсаңыз, БЖЗҚ жергілікті бөлімшесіне жеке басыңызды куәландыратын куәлігіңізбен келіп, хабарлау тәсілін өзгерту/анықтау туралы қосымша келісімге қол қоюыңыз қажет. Бұл операция 2-3 минут уақытта ғана алады.

Бұдан кейін Сіз біздің мамандардың көмегімен сайтта тіркеле аласыз.

 

 

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығының бастығы Турсунбаева Г.Т.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы