Агенттің міндеттері қандай және оларды бұзғандағы жауапкершілігі қандай?

Жарияланған: 17.10.2016


         Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының (бұдан әрі - Заң) 39-бабының 10-тармағына сай агент БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақытылы есептеуге, ұстап қалуға (есепке жазуға) және төлеуге міндетті. 

         Заңның бұл нормалары бұзылса, нақты төленген және қызметкер кіріс алған жағдайда, агент уақытылы ұстап қалмаған (есебіне жазбаған) және (немесе) аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасын мемлекеттік кіріс органдары өндіріп алады немесе агенттер мерзімі өткен әрбір күнге (Мемлекеттік корпорацияға төлейтін күн қосылады) уәкілетті орган белгілеген қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің 2,5 еселенген мөлшерінде есептелген өсімпұлмен бірге міндетті зейнетақы жарналары салымшыларының пайдасына, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін қызметкерлердің пайдасына аударуы тиіс (Заңның 28-бабының 1-тармағы).

         Сонымен қатар, Заңның 29-бабының ережелеріне сәйкес агенттер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiпке сәйкес әрбiр қызметкер бойынша есептелген, ұсталған (есебіне жазылған) және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын бастапқы есепке алуды жүргiзуге мiндеттi және мiндеттi зейнетақы жарналарының салымшылары мен мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары төленетін қызметкерлерге есептелген, ұсталған (есебiне жазылған) және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары, мiндеттi кәсiптiк зейнетақы жарналары туралы мәлiметтi есептiден кейiнгi айдың 15-iнен кешiктiрмей ай сайын ұсынуға мiндеттi.

 

Баянауыл елді мекеніндегі қызмет

көрсету орталығы бастығы Журавлёва Т.В.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы