Зияткерлік меншіктің жалпы түсін

Қазақстан дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мүшесі, сондықтан да зияткерлік еңбек – әрбір азаматтың жеке мүліктік құқығы, яғни, оның жеке меншігі.

Зияткерлік меншік – адамның шығармашылық қызметінің нәтижесі, зияткерлік өнімді жасаушы адам оған толықтай меншік құқығын алады. Ал ол құқық ресми түрде берілген құжаттар – панеттермен және куәліктермен қорғалады. Өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнер туындылары және зияткерлік меншіктің басқа да нысандары қарапайым адамдардың шығармашылық машақатты еңбегімен, ақыл-ойымен өмірге келеді. Олар – авторлар өнертабушылар.

Зияткерлік меншікке адамзат ой-санасымен жасалған өнертабыстар, әдеби және драмалық туындылар, сондай-ақ, коммерциялық мақсатта пайдаланылатын таңбалар, атаулар және үлгілер жатады. Оның өзі өнеркәсіптік меншік және авторлық құқық болып бөлінеді. Өнеркәсіптік меншікке патент берілетін өнертабыстар, селекциялық жетістіктер, өнеркәсіптік үлгілер, тауар таңбалары мен атаулары енеді. Ал, авторлық құқық объектілеріне әдеби, ғылыми шығармалар, музыкалық, бейнелеу, мүсіндеу, графика, сәулет, фотосурет туындылары жатады. Сабақтас құқық объектілеріне қойылымдар, орындаулар, фонограммалар, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының бағдарламалары кіреді.

Зияткерлік меншік құқығы өзге де меншік құқықтары сияқты, авторға өз туындысынан немесе шығармашылық жұмысынан табыс табуына мүмкіндік береді. Бұл мәселе дүниежүзілік адам құқықтары декларациясының  27 бабында нақтыланған.

Зияткерлік меншік құқығын бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 158-бабына және Қазақстан Республикасы  Қылмыстық Кодексінің 198, 199-баптарына  сәйкес  жауапкершілікке тартылады.

Зияткерлік меншік құқығының түрлері:

Егер сіз шығармашылық немесе зияткерлік меншік өнімінің авторы болсаңыз, онда сіз бастапқыда және мүлікті емес және мүліктік құқыққа ие боласыз. Бұл тіпті егер сіз болашақта әлдекімге өз туындыңызды берсеңіз, мүлікті емес құқық өзіңізде қалады. Авторлық құқық иеліктен шығарылмайды және берілмейді. Сондай-ақ, автор интеллектуалдық меншікке айрықша құқық – мүліктік құқыққа ие, ол қызметтің нәтижесін өзінің қарауы бойынша басқаруға мүмкіндік береді: толығымен сатуға немесе ішінара қолдануға немесе басқаруға.

Айрықша құқықтардың авторлық құқықтан айырмашылығы толығымен немесе ішінара шарт бойынша беруге болады. Олар сондай-ақ, мұрагерлік бойынша әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібінде ауысады. Бұл жағдайда егер компания сіздің өніміңізді немесе әзірлемеңізді сатып алса авторлық құқық шектелмеуі тиіс, авторлық тұрақты түрде сізде қалады.

Өнеркәсіптік меншік те зияткерлік меншік құқығы ұғымына сыяды. Бұл ретте қандай да бір өндіріс орнының өніміне байланысты болады.

Айта кету керек, кез келген зияткерлік меншік нысанын пайдалану үшін жазбаша келісім немесе автормен құқыққа иелік етуші көрсетілген лицензиялық келісімшарт қажет. Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік нысандарын заңсыз пайдаланғаны үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында аудандық әділет басқармасымен мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және кәсіпкерлер арасында зияткерлік меншік саласына қатысты құқықтық түсіндіру жұмыстары, атап айтқанда дөңгелек үстелдер, семинарлар, дәрістер үнемі жүргізіліп отырылады.

Шығармашылық әлеуеттің дамуына және өнертабысқа, өнеркәсіп үлгілеріне, басқа да зияткерлік меншік объектілеріне жаңа идеяларды іске асыруға ықпал ететін құқықбұзушылыққа жол бермеу үшін құқық қорғау органдарымен бірлесіп, алда да жұмыстана бермекпіз.

М.Катарова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының бас маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы