Зияткерлік меншік құқығы

Зияткерлік меншік – адамның шығармашылық қызметінің нәтижесі. Зияткерлік өнімді жасаушы адам оған толықтай меншік құқығын алады. Ал ол құқық ресми түрде берілген құжаттар – патенттермен және куәліктермен қорғалады. Өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнер туындылары және зияткерлік меншіктің басқа да нысандары қарапайым адамдардың шығармашылық машақатты еңбегімен, ақыл-ойымен өмірге келеді. Олар – авторлар өнертабушылар. Зиякерлік меншік нысандары ішінара шартты түрде екі  топқа бөлінеді: 1) авторлық және сабақтас құқықтағы нысандар, бұған әдеби, музыкалық және көркемдік сипаттағы туындылар жатады; 2) өнеркәсіптік меншік саласындағы нысандар, нақтырақ айтқанда, сауда белгілері, өнертабыстар, пайдалы модельдер, селекциялық жетістіктер, фирмалық атаулар мен өнеркәсіптік үлгілер.

Зияткерлік меншік – бұл тауарлар, жұмыстар немесе қызметтердің азаматтық айналымына қатысушыларды дараландыру құралдары және зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелері. Басқаша айтқанда интеллектуалдық меншік екі түрге бөлінеді: бірінші – бұл өнер туындысы, шығармашылық және ғылыми әзірлемелер, ноу-хау, екінші түрі компания немесе тұлға басқалардан ерекшелене алатын тауарлық белгілер, логотип, ұран және т.б.

Егер сіз шығармашылық немесе зияткерлік меншік өнімінің авторы болсаңыз, онда сіз бастапқыда және мүлікті емес және мүліктік құқыққа ие боласыз. Бұл тіпті егер сіз болашақта әлдекімге өз туындыңызды берсеңіз, мүлікті емес құқық өзіңізде қалады. Авторлық құқық иеліктен шығарылмайды және берілмейді. Сондай-ақ, автор интеллектуалдық меншікке айрықша құқық – мүліктік құқыққа ие, ол қызметтің нәтижесін өзінің қарауы бойынша басқаруға мүмкіндік береді: толығымен сатуға немесе ішінара қолдануға немесе басқаруға.

Айрықша құқықтардың авторлық құқықтан айырмашылығы толығымен немесе ішінара шарт бойынша беруге болады. Олар сондай-ақ, мұрагерлік бойынша әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібінде ауысады. Бұл жағдайда егер компания сіздің өніміңізді немесе әзірлемеңізді сатып алса, авторлық құқық шектелмеуі тиіс, авторлық құқық тұрақты түрде сізде қалады.

Өнеркәсіптік меншік те зияткерлік меншік құқығы ұғымына саяды. Бұл ретте қандай да бір өндіріс орнының өніміне байланысты болады.

Айта кету керек, кез келген зияткерлік меншік нысанын пайдалану үшін жазбаша келісім немесе автормен, құқыққа иелік етуші көрсетілген лицензиялық келісімшарт қажет. Қазақстан Республикасында зияткерлік меншік нысандарын заңсыз пайдаланғаны үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Зияткерлік меншік құқығы саласы Қазақстан Республикасында «Авторлық және сабақтас құқықтар туралы» Заңымен, «Патент туралы» жне басқа да заңдармен, заңға тәуелді актілермен реттеледі. Кәсіпкерлер өз қызметтері барысында авторлық құқықты бұзатын жағдайларға жол бермеу керек, яғни қандай-да бір шығармашылық өнімдерін заң талаптарына сай құжаттарсыз көпшілікке таратып, сатпаулары немесе қызмет барысында қолданбаулары керек.

Ж.Айтмаханова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының басшысы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы