Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау

Жеке және заңды тұлғалардың құқықтары, заңды мүдделерін қорғалуына Қазақстан Республикасының “Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы” Заңының маңызы зор. Аталған заң жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін беру мен оны қарауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.

Жалпы өтініш – ол өтінішті қарайтын субъектіге немесе лауазымды тұлғаға  жіберілген арыз-ұсыныс, шағым, сауал немесе үн қосу. Өтініш жеке немесе ұжымдық жазбаша, ауызша не электронды құжат түрінде беріледі. Электронды құжат нысанындағы өтініш электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады.

Жазбаша өтінішке келесідей талаптар қойылады. Біріншіден, өтініш қойылған мәселелерді  шешу құзіретіне кіретін субъектіге немемсе  лауазымды тұлғаға жіберілуі тиіс;

Екіншіден, жеке тұлғаның өтінішінде оның тегі, аты, сондай-ақ, қалауы бойынша әкесінің аты, пошта мекен-жайы, арыз иесінің қолы немесе электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылуы тиіс. Ал, заңды тұлғаның өтінішінде оның атауы, пошталық мекен-жайы, шығыс нөмірі мен күні көрсетіледі;

Үшіншіден, шағым жасалған кезде, іс-әрекетіне шағым жасалып отырған субъектінің атауы немемсе лауазымды тұлғалардың лауазымы, тегі және аты-жөні, өтініш жасау себептері мен, талаптары көрсетіледі.

Субъектіге тікелей жазбаша өтініш жасаған арыз берушіге арызының тіркелген уақыты мен күні, қабылдаған адамның тегі мен аты-жөні көрсетілген талон беріледі. Заңның 5-бабында қарауға жатпайтын өтініштер көрсетілген. Дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстар туралы не мемлекеттік  немесе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп туралы мәліметтер бар және мемлекеттік органдардың құзіретіне сәйкес оларға дереу жіберілуге тиісті жағдайларды қоспағанда, иесі бүркемеленген өтініш, мәселенің мәні баяндалмаған өтініш қарауға жатпайды. Егер өтінішті қараусыз қалдыруға негіз болған жағдайлар кейіннен жойылса, өтініш қайтадан қаралады.

Бүркемеленген өтініш дегеніміз – өтініш иесін біліу мүмкін емес, қолтаңбасы, (оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы) жоқ және арыз берушінің пошталық мекен-жайы жоқ өтініш. Мұндай өтініш қарауға жатпайды.

Заңның 8-бабына сәйкес, өтінішті қарау үшін өзге субъектілерден лауазымды тұлғалардан ақпарат алу немесе жергілікті жерге барып тексеру талап етпейтін жеке және заңды тұлғаның өтініші 15 күн ішінде қаралады.

Егер өтінішті қарау үшін субъектілерден лауазымды адамдардан ақпарат алу немесе жергілікті жерге барып тексеру талап етілетін жеке және заңды тұлғаның өтініші келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде қаралады және ол бойынша шешім қабылданады. Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайларда, қарау мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы қарау мерзімі  ұзартылған кезден бастап 3 күн ішінде арыз берушіге хабарланады.  Өтініштің қаралу мерзімін субъектінің басшысы  немесе орынбасары ұзартады.

Егер, өтініште баяндалған мәселелерді шешу ұзақ мерзімді талап етсе, өтініш түпкілікті  орындалғанға дейін қосымша бақылауға қойылып, күнтізбелік 3 күн ішінде бұл туралы арыз берушіге хабарланады. Өтініште қойылған мәселелерді шешу құзіретіне жатпайтын субъектіге немесе лауазымды тұлғаға келіп түскен өтініш 3 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін  мерзімде арыз берушіге бұл туралы хабарландырылады және өтінішті қарау құзіретіне  кіретін тиісті субъектіге жіберіледі. Өтініштерге берілетін жауаптар Қазақстан Республикасы заңнамаларына сілтеме жасай отырып, мазмұны бойынша негізделген және дәлелді мемлекеттік тілде немесе өтініш берілген тілде болуға, арыз берушінің қабылданған шешімге шағым жасау құқықтарын түсіндіре отырып, оның дәлелін жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректерді қамтуға тиіс.

М.Катарова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының бас маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы