Заңды тұлғаларды электрондық нысанда тіркеу

Жарияланған: 08.01.2018


Мемлекет тарапынан заңды тұлғаларды тіркеу бойынша көптеген жаңалықтар енгізу және елімізде кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған көптеген шаралар жүргізілуде. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі  « Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» Заңының   6-1 бабына сәйкес:

      Шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу үшін құрылтайшы (құрылтайшылар) тіркеуші органға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша кәсіпкерлік қызметтің жүзеге асырылуы басталғаны туралы хабарлама береді.
      Шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу «электрондық үкімет» веб-порталында толтырылатын электрондық хабарлама беру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

      Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардың, олардың филиалдары мен өкілдіктерінің жарғылары (ережелері) мемлекеттік тіркеу процесінде ұсынылмайды.

      Шетелдік қатысатын шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жататын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларын тіркеу үшін белгіленген тәртіппен жүргізіледі. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгіленбесе, қосымша:

      құрылтайшы – шетелдік заңды тұлғаның шет мемлекеттің заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын куәландыратын, нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге сауда тізілімінің заңдастырылған үзінді көшірмесі немесе басқа да заңдастырылған құжат;

      нотариат куәландырған қазақ және орыс тілдеріндегі аудармасымен бірге шетелдік құрылтайшының паспортының көшірмесі немесе жеке басын куәландыратын басқа да құжат ұсынылуға тиіс.

      Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманы беру кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны жөнінде хабарламаны қабылдау туралы растау болып табылады.

      Заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтаманы беру кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны туралы хабарлама берілген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

            Бүгінгі күнге осы саладағы ең бір басты жаңалық – ол заңды тұлғаларды электрондық форматта тіркеуге болатындығы. Бұл дегеніміз - заңды тұлғаны ашатын құрылтайшы (құрылтайшылар) электрондық сандық қолы бар болған жағдайда  интернет желісі қосылған  кез-келген жерде отырып (үйде, офисте т.б)  интернет арқылы шығып өтініш беріп заңды тұлғасын тіркеуге болады. Әзірге бұл электрондық қызмет шағын кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынылып отыр. Және де алғашқы мемлекеттік тіркеу кезінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік баж төлемейді.

М.Катарова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының жетекші маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы