Өз бетінше салынған жылжымайтын мүлікті заңдастыру тәртібі

Жарияланған: 12.03.2018


Мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.

Жалпы ереже бойынша салынып жатқан үйлерге, құрылыстарға, өзге де мүлiк кешендерiне, сондай-ақ өзге де жаңадан жасалып жатқан жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы осы мүлiктi жасау аяқталған кезден бастап пайда болады.

Егер  заң құжаттарында немесе шартта құрылысы аяқталған объектiлердi қабылдап алу көзделген болса, онда тиiстi мүлiктi жасау осылайша қабылдап алынған кезден бастап аяқталған болып есептеледi. Яғни меншік иесі немесе жер учаскесін пайдаланушы рұқсат беру рәсімдерін қолдана отырып объект құрылысын бастауға құқылы және құрылысты пайдалануға енгізу тәртібін сақтауға тиісті. Құрылыс жүргізуге қажетті рұқсат алу ережесі және объектіні пайдалануға енгізу заңмен белгіленеді. Құрылыс жүргізуге рұқсат беру ҚР «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылыс және құрылыс қызметі туралы» Заңының 9-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.

Жылжымайтын мүлiк мемлекеттiк тiркелуге тиiс реттерде, оған меншiк құқығы осылайша тiркелген кезден бастап пайда болады.

Осылайша, жылжымайтын мүлiктi жасау аяқталғанға дейiн, ал тиiстi жағдайларда – оны мемлекеттiк тiркеуден өткiзгенге дейiн мүлiкке қозғалмайтын мүлiк жасалатын материалдармен басқа мүлiкке меншiк құқығы туралы ережелер қолданылады.

Жоғарыда аталған заң нормаларын ескере отырып, жылжымайтын мүлік объектілерінің кез келген түріне құрылыс жүргізген кезде:

1)     жаңа құрылыс жүргізіліп жатқан немесе жүргізілген жер учаскесіне құқықтың бар болуы;

2)     жер учаскесінің нысаналы мақсатын сақтау және оны пайдалану;

3)     құрылыс жүргізуге рұқсаттың бар болуы, атап айтатын болсақ жер учаскесінің қала құрылыстық жоспарының талаптарына жобалық-сметалық құжаттаманың сәйкестігін растайтын және құрылыс жүргізушіге құрылыс жасауға рұқсат беретін құжаттар;

4)     қала құрылыстық регламенттерді, құрылыстық, экологиялық, санитарлық-гигиеналық, өртке қарсы және басқа да ережелерді, нормативтерді сақтау;

5)     ілеспе жер учаскелерін пайдаланушылар мен өзге де жылжымайтын мүлік объектілері иелерінің заңды мүдделері мен құқықтарын сақтау ортақ талап болып табылады.

Мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады. Осындай өз бетінше салынған құрылыс осы құрылысқа меншік құқығын мемлекеттік тіркеуге негіз болып табылатын жаңа жылжымайтын мүлік құруға дара оқиға ретінде қарастырылмайды.

АК 244-бабында көрсетілген нормаларында өз бетінше салынған құрылыс белгілерінің толық тізімі бар. Сонымен бірге осы тармақта көрсетілген сипаттардың тым болмағанда біреуінің бар болуы құрылыстың өз бетінше салынды деп тануға толық мүмкіндік береді.

Өз бетiмен құрылыс салуды жүзеге асырған адам оған меншiк құқығын алмайды. Оның құрылысқа билiк етуге - сатуға, сыйға тартуға, жалға беруге, басқа да мәмiлелер жасауға құқығы жоқ.

Ж.Айтмаханова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасы басшысының м.а.,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы