Құқықтық саясат тұжырымдамасы

Біздің мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам, адамның өмірі мен құқықтары және бостандықтары. Ата заңымызды басты назарға ала отырып, Елбасымыз Н.Назарбаев: «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. 10 жылға межеленген ұзақ мерзімдік құжат құқықтық жүйенің барлық саласын жетілдіруді көздейді.

Заңнама жүйесі өз елінің құқықтық мәдениетін дамыту, оны сыртқы теріс ықпалдардан қорғау әрекетін заңдастыру, ұлттық намыс, ұлттық сананы дамыту жолдарына жағдай жасауды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен бірге, посттоталитарлық елдердің қазіргі құқықтық жүйесі ерекше қоғамдық жүйе ретінде қалыптасып отырғанын, құқықтық құбылыстар қоғамның саяси ұйымдастырылуынан шығарылатынын атап өткеніміз жөн. Құқықтық жүйе рухани-мәдени, әлеуметтік-экономикалық, мемлекеттік-саяси алғышарттармен қатар және олармен өзара әрекеттесе отырып, қоғам дамуының дербес және өзіне-өзі жеткілікті, жоғары мәнді және тиімді факторы болып отыр.

Тұжырымдаманы іске асырудың басты қорытындылары ұлттық заңнаманың негізгі салалары (конституциялық, әкімшілік, азаматтық, банктік, салық, қаржы, кеден, экологиялық, қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық заңнама) бүгінгі күн талабына орай жаңарды.

Қоғамымыздың барлық саласына дендеп еніп бара жатқан жемқорлықтың жолына батыл тосқауыл қойып, олардың зардаптарын жою және мүдделерді жауапқа тарту – бүгінгі күннің ең басты міндеттерінің бірі.

Осындай келеңсіз құбылыстармен бітіспес күрес жүргізу тек сот, құқық қорғау немесе мемлекеттік органдардың міндеті емес, барлық ұлтжанды азаматтардың парызы.

Қазақстандық заңнаманы Тұжырымдамада белгіленген мемлекеттің құқықтық саясатының негізгі бағыттарына сәйкес кешенді дамыту және тиімді пайдалану заңдылық режимін одан әрі нығайтуға, адам мен азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтауға, еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтуға ықпал ететін болады.

М.Катарова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының бас маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы