Тәуелсіздік – Ел тірегі

1991 жыл – еліміздің Қазақстан деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан жылы. Сол сәттен бері міне 27 жыл өтті. Қазіргі Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие.

Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Қазақстан жас мемлекет бола тұра, көптеген елдерден әлдеқайда алда.

Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел.

Тауелсіздік алғандағы алғашқы әрекеттердің арасында мемлекеттіміздің ұлттық валютасы – теңгені енгізу, көршілес мемлекеттермен шекараны белгілеп алу, Конституциямызды бекіту бар еді.

Ата Заңымызға сәйкес Қазақстан және қазақстандықтар ешкімнің жеріне көз салмайды, бірақ өз жерінің бір сантиметрін де ешкімге бермейді. Мұндай істердің орындалуы – ерекше тарихи жетістік. Айта берсек 27 жылда жеткен еліміздің жетістігі өте көп. Дегенмен, бұл жетістіктерге жетуде еліміз көп қиыншылықты көргенін ұмытпағанымыз жөн.

           Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін тәуелсіздік аспаннан түскен сый емес еді. Халқымыз бостандықты аңсап, Тәуелсіздікке зарығып жетті. Тәуелсіздік жолында еліміз аз қиыншылық көрген жоқ. Тәуелсіздік – ата-бабамыздың ежелден келе жатқан арманы. Халқымыздың бостандыққа ұмтылысының және өшпес қайсар рухының арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік.

            Қазіргі таңда Тәуелсіздік – барлығымыз үшін ерекше қасиетті күн. Бірліктің, ынтымақтастық пен татулықтың күні. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі – ең алдымен халқымыздың бақыты. Сондықтан бүгінгі күні халқымыз өткеннен қалған тарихи өнегені, отансүйгіштікті, ұлтына деген махаббатты жоғалтпай, әрі қарай жастардың патриоттық сезіміне енгізуге ерекше көңіл бөлуі керек деп ойлаймын.

            Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көпұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесі. 

М.Катарова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының бас маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы