Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

Жарияланған: 12.03.2018


Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңы мен Президент Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы» бағдарламасы бар. Осы заң актілері әрбір Қазақстан азаматы оның ішінде мемлекеттік қызметшілер үшін бұлжытпай орындалуға тиісті құжат болып табылады.

«Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры, ұрпақ тағдыры – ел тағдыры» деген ұранды ұстанған қазақ халқы ғасырлар бойы елі мен жерін, діні мен тілін сақтап қалу жолында талай қиын-қыстау кезеңдерді басынан кешірді. Өйткені ана тілі мәселесі – сол тілде жасаған, жасап келе жатқан халықтың өткені мен бүгінгісін таразылай отырып, болашағын танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі.Елдіктің негізі шарттары, түптеп келгенде мемлекет тілінің, ұлт рухының көтерілген биігімен өлшенеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауларында, басқа да алқалы жиындарда жасаған баяндамаларында мемлекеттік тілді дамыту мәселесін үнемі басты назарда ұстап келеді.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңында: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру- Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы »- деген.Әрине ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Ұлт анасы тіл болып есептеледі. Сонымен бірге ұлттың өмір сүруінің бірінші шарты.

Мемлекеттік тілдің абыройын асқақтату – әрбір қазақстандықтың абзал борышы.Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт- санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, елжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттіктік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.

Тіл туралы заңның қабылданғаны, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы мектептерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз. Сол себепті басты жауапкершілік мемлекеттік қызметшілер біздерге жүктеліп отыр. Ата заңының баптарында сонымен қатар «Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы» Жарлық пен «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңында айтылған басты мәселе мемлекеттік қазақ тілін дамыту.

Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, атамекенін сүйеді деген сөз.  Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты  себепкер – ана тілі.

Еліміздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендік алуы тілі мен психологиясына оның өз мәнінде дамуына мүмкіндік берді. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отыр. Соңғы кезде мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге, оның өркен жайып дамуына ықпал ететін басты-басты қадамдар жасалуда.

Мемлекеттік Тіл, мәртебесі конституцияда бекітілген, мемлекеттік мекемелерде іс-қағаздар осы тілде жүргізіледі. Әдетте мемлекет негізін құраушы әрі жердің байырғы иесі болып саналатын халықтың тілі мемлекеттік тіл болып бекітіледі. Бірақ ұзақ уақыт отар болып, өз тілін ұмыта бастаған кейбір елдерде отарлаушы елдің тілі мемлекеттік тіл болып бекітілген.Қазіргі қазақ тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады.

Қазақстанда тұратын жүзден аса ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс-әдебиетін, әдет-ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуі міндетті.

Ж.Айтмаханова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасы басшысының м.а.,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы