Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ

Жарияланған: 06.03.2018


Сыбайлас жемқорлық ұлтымыздың қауіпсіздігіне, еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан да онымен күресті  тек заң қызметкерлері ғана жүзеге асырады, деп бойымызды аулақ салмай, бірлесе күресу баршамыз үшін маңызды іс.

Еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Себебі, сыбайлас жемқорлық еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс екені анық.

Сыбайлас жемқорлық барлық мемлекеттерде тамырын тереңге жіберген. Сондықтан онымен күресу барынша қатал, әрі нәтижелі түрде жүргізілуі тиіс. Жемқорлықпен күрес кез-келген қоғам үшін әрқашан өзекті, әрі ғаламдық мәселе болып отыр. Ал, онымен күрестің тиімділігін арттыру кез-келген мемлекеттің болашағы үшін стратегиялық мәнге ие. Әсіресе, бұл серпінді дамып келе жатқан және бәсекеге қабілетті әлем елдерінің қатарына кіруді мақсат етіп отырған біздің еліміз үшін өте маңызды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттырудың маңызы зор.

Жемқорлықпен күрес бүгінде елімізде мемлекеттік маңызы бар түйткілді мәселеге айналып отырғандығы шындық. Елдің ертеңі үшін, болашақ келер ұрпақ алдында еңсеміздің бек көтеріліп жүру үшін, жемқорлық індетімен белсене күресіп, түп-тамырымен жою қажет. Бұл індет – адамзат баласына жат қасиет. Кеңестік дәуірден бастау алған, жең ұшынан жалғасын табатын, көз қысты, бармақ басты әдеті әлі болса қылаң беріп келеді. Бұл дерт еліміздің дамуына, экономиканың өркендеп өсуіне өрескел кедергі келтіретіні даусыз.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу жолдарын және оның алдын-алу, жол бермеу мәселелері бойынша, нақты  шешімдер қабылдап, дамыған отыз елдің қатарына енуді және өзге мемлекеттерге үлгі болатын Қазақстан болуды алға мақсат қылып қойып, сол үшін аянбай еңбек етейік.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік қызметкердің атына кір келтіретін әрекеттерден әркімнің де аулақ болғаны жөн. Мұндай заңбұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға да тартылады. Оларға біздің қоғамда да, арамызда да орын жоқ екенін түсінгені абзал.

 

М.Катарова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының жетекші маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы