Назар аударыңыз!

Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы Елшілігіне Ұлыбританиядағы қазақстандық докторанттар қауымдастығынан Еуропадағы алаяқтық тәсімдер туралы ақпарат келіп түскенін хабарлаймыз.

Тәсімге сәйкес алаяқтар «LinkedIn» әлеуметтік желісі арқылы қазақстандықтарға бәсекелі жалақы, тұрғын үй, көлікті қамтитын Ұлыбританиядағы жұмыс орны туралы, сондай-ақ Ұлыбританияға виза және жұмысқа рұқсат алуға қолдау көрсету туралы ұсыныс хаттар жібереді. Сонымен бірге, алаяқтар компанияның шотына жоғарыда аталған құжаттарды дайындау үшін қажетті 1300-5000 фунт стерлинг көлеміндегі соманы аударуды сұрайды. Сенгіш қазақстандықтар талап етілетін соманы (кейде қарыз қаражат есебінен) төлегеннен кейін алаяқтар байланысқа шықпайды.

Осындай компаниялардың бірін қауымдастық тексеріп, оның британдық компания тізілімінде тіркелгенін, оның иесі испан азаматы екендігін және жарғылық капиталы тек 1000 фунт стерлинг екендігін анықтады. Яғни, аталған компания шетелдік қызметкерлерді жалдауға және оларға жоғары жалақы мен әлеуметтік қамсыздандыруды қамтамасыз етуге қабілетсіз болып табылады.

Осыған орай, осындай алаяқ компанияларға сенбеуін, және де олардың айла-тәсілдеріне түспеуілерін ескертеміз!

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы