Меншік құқығы

Күнделікті тұрмыста «меншік» ұғымы мүлік, зат және оларға деген белгілі бір құқықпен байланыстырылады. Сондықтан меншік дегеніміз заттың, мүліктің өзі ғана емес, оған деген белгілі бір құкықтың пайда болуы. Сонда, меншік экономикалық ұғым болса, меншік құқығы құкықтық ұғым. Ал меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету кұқығы. Көрсетілген құқықтардың әрбіреуі меншік құқығының қажетті бөлшектері және барлығы бірігіп меншік құқығының  мазмұнын  білдіреді.

Меншік Құқығы — субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы.

Меншік құқығы мәміле жасалған кезде болған барлық жүктемелерімен басқа адамға беріледі. Меншік иесінің өз мүлкін иелену құқығы, пайдалану құқығы және оған билік ету құқығы болады. Меншік құқығының мерзімі шексіз. Мүлікке меншік құқығы Азаматтық кодексте көзделген негіздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкін.

  1. Мүлікті меншіктенуге қатысты қоғамдық қатынастарды реттейтін құқықтық нормалар жүйесі;
  2. Заңнамалық тұрғыдан жан-жақты қамтамасыз етіліп, меншігіне бекітілген мүлікті меншіктенушінің өз қалауы мен мүддесіне орай иелену, пайдалану және оған билік ету мүмкіндігі, сондай-ақ өз шаруашылығының үстемдік аясына өзгелердің араласуына жол бермеу мүмкіндігі.

Бұл мүмкіндіктер заңға қайшы келмейтін және өзгелердің заңды құқықтары мен мүдделерін таптамайтын кез келген әрекет арқылы жүзеге асады. Бұл тұрғыда меншік құқығы үш түрлі бөліктен тұрады:

  1. Иелену хақысы– меншіктенушінің мүлікке деген шаруашылық үстемдігі. Яғни мүліктің иесіне заң жүзінде бекітілуі;
  2. Пайдалану хақысы– мүлікті іске асырып, пайдаға жарату;
  3. Билік ету хақысы– құқықтық әрекеттер жасау арқылы мүліктің тағдырын белгілеу.

Мысалы, үйдің иесі оны сатса да, жалға берсе де немесе өзі тұрса да өзі біледі. Осы үшеуі Меншік құқығының құрамдас бөліктері болғанмен, барлық кезде бірге жүрмейді. Мысалы, жалға алған пәтерді пайдалану хақысы болғанымен, жалдаушының ол пәтерге деген иелену және билік ету хақысы жоқ. Көрсетілген үш мүмкіндіктің ішіндегі мүлікті меншіктендіретіні, яғни ең маңыздысы иелену хақысы. Қалған екеуі меншік иесінде болуы да, болмауы да оны меншік құқығынан айыра алмайды. Сондықтан мүліктің барлық ауыртпалығы, жауапкершілігі меншік иесінде.

Иелену құқығы дегеніміз мүлікті іс жүзінде иеленуді жүзеге асыруды заң жүзінде қамтамасыз ету. Иеленудің заңды, заңсыз, ұқыпты, ұқыпсыз деген сияқты түрлері болады.

Пайдалану құқығы дегеніміз мүліктен оның пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі. Пайда кіріс, өсім, жеміс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкін.

Билік ету құқығы дегеніміз мүліктің заң жүзіндегі тағдырын белгілеудің заңмен камтамасыз етілуі.

Меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның ішінде бұл мүлікті басқа адамдардың меншігіне беріп, иелігінен шығаруға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз өкілетгігін тапсыруға, мүлікті кепілге беруге және оған басқа да әдістермен ауыртпалық түсіруге, оларға өзгеше түрде билік етуге құқылы.

Жеке меншік азаматтардың және мемлекеттік емес занды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің меншігі ретінде көрінеді. Жеке меншікте болатын мүліктің саны мен құны шектелмейді.

Мемлекеттік меншік республикалық және коммуналдық, меншік түрнде көрінеді. Республикалық меншік мемлекеттік қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекетгік республикалық занды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады. Республикалық бюджеттің қаражаты, алтын валюта қоры және алмас қоры, жер, оның қойнауы, су, өсімдік және жануарлар дүниесі, баска да табиғи ресурстар мемлекеттік меншікте бола­ды. Бұлардың барлығы және мемлекеттік занды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік қазынасын құрайды.

Коммуналдық, меншік жергілікті қазынадан және заң кұжаттарына сәйкес коммуналдық занды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады. Жергілікті бюджет қаражаты және мемлекетгік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдык мүлік жергілікті қазынаны құрайды.

Меншік құқығының түрлері:

- Зияткерлік меншік құқығы. Зияткерлік меншік деп заңнамаларда белгіленген реттер мен тәртіп бойынша азаматтың не­месе заңды тұлғаның шығармашылық интеллектуалдық қызметтің нәтижелеріне және оларға теңестірілген занды тұлғаны дараландыру құралдарына, жеке немесе занды тұлғаның өзі орындайтын жұмысының немесе қызметінің өнімдеріне (фирмалық атау, тауар белгісі, қызмет көрсету белгісі және т.б.) ерекше құқығы танылады.

- Авторлық құқық дегеніміз — автордың мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтары. Авторлық құқық шығармашылық қыз­мет нәтижесі болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына олардың бағытына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ оларды білдіру әдісі мен нысанына қарамастан қолданылады.Автор — шығармашылық еңбегімен туынды жасаған жеке түлға.

Патенттік құқық. Өнертабыс, пайдалы кескіндерді, өнеркәсіп үлгілерін тағы басқа да зияткерлік меншіктің түрлеріне құқықтың пайда болу, бекіту және қарау тәртібін реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығынпатенттік құқық дейміз. Кез келген адам өзінің ойлап тапқан өнертабысын, пайдалы модельдерін, өнеркәсіп үлгілерін, ашқан жаңалықтарын іске асырып оны қорғап, өзінің керегінше пайдаланып, табыс, пайда табуы үшін оны арнайы мемлекеттік органдарда тіркеуден өткізіп, занды, қорғау құжаттарын алады. Қорғау құжаттары деп заңнамаларға сәйкес берілген алдын ала патенттер мен өнертабыс пен өнеркәсіп үлгілеріне, пайдалы модельдерге берілген патенттерді айтамыз.

Ж.Айтмаханова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының басшысы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы