«Мемлекеттік қызметшінің этикалық кодексі»

«100 нақты қадам - Ұлт Жоспарымен" белгіленген кәсіби мемлекеттік аппарат құру бойынша 12-ші қадамды іске асыру аясында 2015 жылғы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің № 153 «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» бекітілген.

  Этика түсінігіне мінез-құлық нормалары, қандай да бір қоғам мүшелерінің, қоғамдық топтың, мамандық иелерінің арасында қабылданған адамгершілік қағидаларының жиынтығы жатады.

       Әдеп кодексінің жалпы ережелерінде мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды. Азаматтар мен қоғам мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенулері құқылы.

        Мемлекеттік қызметшілер, осы құжатқа сәйкес, өз қызметінде Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын жақтауға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, өзінің іс-әрекетімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекет институттарының беделін түсіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге, өз жұмысында заңдылық қағидатын, Конституцияның, заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің талаптарын басшылыққа алуға, қоғам мен мемлекет игілігіне жұмыс жасауға тиіс.

        Мемлекеттік қызметшілер мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға міндеттенеді.

Азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сақтау және қорғауды қамтамасыз ету, бюрократизмді болдырмау және өтініштерін қарау кезінде төрешілдікті болдырмау қоғамның мемлекеттік қызметке және мемлекет институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға маңызды аспектісі болып табылады.

        Мемлекеттік қызметші кодекске сәйкес өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға тиіс. Сонымен қатар, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға тиіс.

        Мемлекеттік қызметші қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға тиіс; мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдауға, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тұтынушысы ретінде толығымен халықтың сұранысына бағдар ұстануға; жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге; іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтауға тиіс.

        Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс.
Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.

Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған.

         Өз тағдырын мемлекеттік қызметпен байланыстыратын әр адам халық алдында үлкен жауапкершілікті сезіну тиіс, себебі мемлекеттік қызметшінің кәсіби деңгейі арқылы барлық мемлекеттік органдардың жұмысы бағаланады. 

Ж.Айтмаханова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының басшысы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы