Мемлекеттік тілді құрметтеу

Тұрақты даму барған сайын қазіргі әлемдегі қоғамдық процестердің ұтымды жүруінің негізгі өлшеміне айналып келеді. Ал тұрақты дамудың шарттарының бірі – ұлтаралық қатынастардың тұрақтылығы болып табылады. Көпұлтты мемлекетте этностардың жарасты өмір сүруіне, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің сақталуына тіл саясаты ықпал етуге тиіс. Жекелеген этностардың үйлесімді, тұрақты дамуы ұлттық мәдениеттің негізі – этнос тілінің сақталуына мүкіндік жасайтын тіл саясатының жүргізілуін керек етеді. Мұның өзі республикада мәдениеттердің бір-біріне ықпал жасап, олардың одан әрі дамуына жағдай жасайды. Қазақстанның егеменді мемлекет ретіндегі жаңа әлеуметтік-саяси болмысы – елдің көп ұлтты халқының қажеттіліктерін өтейтін және тілдік, демографиялық, сондай-ақ саяси ахуалдың ерекшеліктерін ескеретін тіл саясатын талап етіп отыр. Ол өзекті тіл мәселелерін шешуде өзінің тиімділігі мен нәтижелілігін іс жүзінде көрсететін пәрменді факторға айналуға тиіс. Елде біртұтас тіл саясатын жүргізу үшін мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестікдердің, діни және басқа да ұйымдардың күш жігерінің үйлесімділігі қажет.

Тіл саясаты бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне  айналып, тіл тағдыры – ел тағдыры екенін барша қазақстандықтар түсіністікпен қабылдауда. Тілдерді қолдану мен дамыту бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр. Себебі, тіл саясаты оның ішінде мемлекеттік тілдің проблемалары еліміздің қауіпсіздігіне, оның мемлекеттілігінің нығаюына тікелей қатысты мәселелер болып табылады. Қазақстан халықтары тілдерін дамытудың стратегиясы үш негізгі мақсатта: мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту; орыс тілінің жалпы мәдени қызметін сақтау; этностық топтардың тілдерін дамыту бағытында жұмыстар атқарылуда.   

Елбасымыздың  Қазақстан халқына Жолдауындағы «Тілдердің үш тұғырлығы» мәдени жобасы – дүние жүзіндегі алдыңғы қатардағы мемлекеттерге тән құбылыс. Дегенмен, мемлекеттік тіл – өмірлік қажеттілік. Оны саяси саудаға, дау-дамайға айналдырудың қажеті жоқ. Мемлекеттік тіл әр адамға өзінің қайраткерлік мүмкіндігін кеңейту үшін қоғам, мемлекет ісінде өзін-өзі көрсете білу үшін ел тағдырында ықпалды тұлғаға айналуы үшін керек. Жаңа әлемдегі жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті жаңа Қазақстан тұғыры рухани құндылықтарға негізделген, бұл біздің мемлекетіміз, ұстанып отырған саясаттың басты қағидасы. Рухани құндылықтың бастауы – тіл мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту.                                                                                                                                                                                                  

Мемлекеттік тіл, сондай-ақ төлқұжат, туу туралы куәліктерді, білім жөніндегі құжаттарды бергенде, тағы басқа ресми ұйымдардың атауларын жазуда, олардың мөрлері мен штамптарында, сонымен қатар маңдайша жазулары мен банкілерінде, хабарландыруларда, жапсырмалар мен көріністі ақпаратта міндетті түрде қолданылады. Мемлекеттік тілдің мәртебесі ол тілді барлық азаматтардың заңда белгіленген көлемде білуі үшін жағдай туғызуды көздейді. Бұл ретте мемлекеттік қызметке қабылдау, әдетте, міндетті түрде мемлекеттік тілді қажетті мөлшерде білгенде ғана жүзеге асырылады. Тілді қорғау тиісті құқықтық база құрылу арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесінің бұзылуына немес Тіл туралы заңының орындалмауына кінәлі адамдарды жауапқа тарту жолымен жүзеге асырылады. Мемлекеттік тілді басқа тілге қарсы қоюға жол берілмейді.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады, сондықтан жоғарыда баяндалған мемлекеттік тіл мен оның мәртебесіне қойылған талаптар – қазақ тілі біртіндеп, әрі дәйектілікпен жетуге тиіс нұсқаның негізгі өлшемдеріне айналуы керек.

Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен оның басшылары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін іске асыруда негізгі жауапкершілікті өз мойына алады. Қазақ тілін білу, оны қолдану мен насихаттау өкімет органдары тарапынан көтермеленіп отыруға тиіс. Қазақ тілін меңгеру – қазақстандық патриотизмнің  құрамдас бөлігі.

М.Катарова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының бас маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы