«Мемлекеттік тілді білу - заман талабы»

Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі. Ұлттық мәдениеті жоқ ел ешқашан да егеменді ел бола алмайды, болуы да мүмкін емес.
        Қазақ тілінің тағдыры үшін күрес соңғы жүз жылда бірде-бір толас тапқан жоқ. Ұлы Абайдың заманын айтпағанда, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсыновтар бастаған алып топ тіл мәселесіне ерекше мән беріп, оның шексіз байлығын, суреткерлік қуатын, бейнелігі мен саздылығын көркемдік сапаға жеткізді. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметкерлердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады. Қазір мұндай талап қойылатын лауазымдар саны күн өткен сайын артып келеді. Бізге көп тіл білгеннің артықтығы жоқ.

Тіл - тарих тереңіне бойлатып, өнер мен мәдениеттің кәусар бұлағына сусындататын рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы. Олай болса, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылу аясын кеңейте түсу қажеттігі – заңды құбылыс.

Бүгінде мемлекеттік тіл туралы көп айтылып, көз майын тауысып, жанарын жасытып жазып жүргендер де жетеді. Өйткені, мемлекеттік тіл елімізде аса маңызды да ең өзекті. Тіл – қазақтың жан дүниесі, рухани негізі, ел еркіндігі мен ұлтты танытатын басты белгісі. Ол – ұлт болмысын ұғындырып, төңірегіне жұртты топтастырушы, біріктіруші фактор. Сондықтан мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға тиіс. Ол үшін тіл білуді мақсат тұтып, алдына талап қоя, қажымай ізденіп, айрықша көңіл бөліп, аянбай еңбектенсе, мемлекеттік тілді меңгеретіні анық.

Мемлекеттің саясаты – тіл саясаты қағидасын тәжірибеге берік ендіру, алға басуға ұмтылу. Осы орайда, біздің елімізде көптеген шаралар өз бастамасын табуда. Атап айтсақ, қазақ тілін оқып-үйрену бойынша үгіт-насихат жұмыстары, семинарлар мен дәрістер өткізіледі.

Жалпы, мемлекеттік тілдің мәртебесін ескерер болсақ, ол туралы әңгіме еткенде оған басқа тілдерді қарсы қоюға әсте болмайды. Өйткені, мемлекеттік тіл сол мемлекеттің бүкіл азаматтарының ортақ тілі. Мемлекеттік тіл деп аталуының өзі сондықтан. Ендеше, біз осы ұғымды қалыптастыру үшін күресуіміз керек.

Мемлекеттік тілде әзірленетін құжаттардың сауатты­лығы мен сапасын арттыру, әрбір іс-қағаздарын орындап отырған тілін сүйіп, еліне жаны ашитын мемлекеттік қызметкердің ұлттық парызы.

 

М.Катарова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының бас маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы