«Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте»

Халықтың тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел ешқашан да егеменді ел бола алмайды, болуы мүмкін емес. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу – мемлекеттік қызметкерлердің ең басты біліктілік талабына айнала бастады. Қазір мұндай талап қойылатын лауазымдар саны күн өткен сайын артып келеді.
Ал тілдің өзі – тарих тереңіне бойлатып, өнер мен мәдениеттің кәусар бұлағына сусындататын рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы. Олай болса, қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне сай қолданылу аясын кеңейте түсу қажеттігі – заңды құбылыс. Қазақстан тәуелсіз ел болып қалсын десек, онда ең алдымен қазақ халқының ұлттық мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрін, ана тілін дамытуға күш салғанымыз жөн.

Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қызмет етуінің алғы шарттарының бірі – оның қоғамдық өмірдің әр алуан саласында қызмет етуі және соған орай іс-қағаздарының қазақша жүргізілуі. Іс-қағаздарының, ресми құжаттардың тілі бір жүйеге түспей, стильдік жағынан қалыптаспай, мемлекеттік ресми құжаттардың барлығы алдымен қазақ тілінде жүргізілмей қазақ тілінің қолданыс аясы, қызмет қарымы өрісін кеңейте алмайды. Іс-қағаздарын қазақша жүргізу – мемлекеттік тілдің жүзеге асуының нақты көрсеткіші. Іс-қағаздары қоғам өмірінде үлкен қызмет атқарады. Іс-қағаздарының саяси, тарихи, құқықтық, экономикалық маңызы өте зор. Мемлекет, республика, қала, кәсіпорын, ұйым мекеме тарихын жазғанда іс-қағаздары ақпараттың табылмас қайнар көзі бола алады. Құжаттар фактілерді, оқиғаларды, қоғам өмірінің құбылыстарын дәлелдейтін айғақ қызметін де атқарады.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республи­ка­­сын­дағы тіл туралы» Заңы мен  Президент Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бар. Осы заң актілері әрбір Қазақстан азаматы оның ішінде мемлекеттік қызметшілер үшін бұлжытпай орындалуға тиісті құжат болып табылады.

Бүгінде ресми қағаздарды сауатты толтырып дайындау үшін кәсіби жетілдірілген қазақ тілін қолдану қажет. Бұл жерде жазу мәдениетінің рөлі орасан зор. Түрлі мекемелер мен ұйымдар арасында іс-қағаздарының ең жиі қолданы­латын түрі – қызметтік хат болып табылады. Сөз еткен мәселенің жазылу мақсатына қарай қызметтік хат бірнеше түрге бөлінеді, мысалы, ақпарат хат, шақыру хат, ілеспе хат, ескерту хат, ресми хат.

Іс-қағаздарын дайындау барысында жазу мәдениетін қатаң сақтау қажет. Әр хаттың бойында реттілік, жүйелілік, түзулік, тәртіптілік, сәйкестік, қисындылық, тағы-тағы мағыналық реңктердің болуы тиіс. Оған да көңіл бөлеміз.

Мемлекеттік тілде әзірленетін құжаттардың сауатты­лығы мен сапасын арттыру, әрбір іс-қағаздарын орындап отырған тілін сүйіп, еліне жаны ашитын мемлекеттік қызметкердің ұлттық парызы.

М.Катарова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының бас маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі.

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы