Контрафакт өнімдері

Еліміз нарығында өзгелердің меншік нысандары саналатын тауарлардың тәуір жасалған көшірмелері баршылық. Алайда, контрафактілік өнімдер және зияткерлік меншікті заңсыз пайдалану кәсіпкерлікті дамытуға кері әсер етеді 

         Тауар таңбаларын құқықтық қорғау өндірушілердің ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың да құқықтарын қорғайды. Егер тауар таңбалары туралы заңның негіздерін, басымдық, яғни ең алғашқы болу принципін ескерсек, тауар таңбалары туралы заңнама нормаларына сәйкес өзінің құқықтары туралы кім бірінші болып өтініш білдірсе, әдетте сол олардың иесі болып табылады.

        Бүгінгі күні кәсіпкерлік саласындағы көкейтесті мәселелердің бірі тауарлық белгіні мемлекеттік тіркеу болып отыр. Негізінен кәсіпкерлер тауар белгісі ретінде өздерінің логотиптерін тіркейді. 

       Логотип — бұл фирмалық стильдегі элемент. Тауар таңбасының жиі тіркелетін нысаны фирмалық түрде салынған, яғни фирманың немесе фирмамен шығарылатын тауардың толық немесе қысқартылған атауын ерекше етіп жазу. Ең бастысы есте сақтау керек — логотип фирмалық стильде жазылған (салынған) сөз. Ал тауар белгісі –  «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес тіркелген белгі, ол белгілі бip заңды немесе жеке тұлғаның тауарын немесе қызметін eкіншi бip заңды немесе жеке тұлғаның тауары мен қызметінен айыру үшін қажет.Тауар таңбаны сурет, жазу, әріп, сан, көлем түрінде немесе басқа да белгілер немесе кез келген түстегі үйлесімділік түрінде тіркей аласыз. Тауар таңбаны тіркеу туралы куәлікті алу оны пайдалану құқығына ие болу мүмкіндігін береді. Ол тауар таңбаны - тауар иесінің келісімі болмаса, ешкім пайдалана алмайды.

       Тауар таңбасын тіркеу «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында немесе оның өңірлердегі өкілдіктерінде жүргізіледі. Тауар белгісін тіркеу ресми түрде міндеттелмесе де ол тауар шығаратын немесе қандай да бір тауар таңбасының атымен қызмет көресететін кәсіпкердің өзі үшін тиімді. Ең алдымен сіздің тауар белгіңізді келесі бір адамдар қолданбау үшін, барлық құқық тек сізде болу үшін қажет. Ал мұндай құқыққа тек құзырлы органда тіркеуден өткеннен кейін ие боласыз. Сондай-ақ тауар таңбасының иесі заң бұзушыдан шығындарын өтеуді талап етіп, оны жауапкершілікке тартуға құқылы.

       ҚР «Тауар таңбасы, қызмет көрсету таңбасы және тауар шығарылған жерлердің атаулары туралы» Заңының 4 бабының 4 тармағына сәйкес, тауар таңбасы иесінің келісімінсіз ешкім де оның тауар белгісін пайдалана алмайды делінген, ал егер пайдаланса ол тауарлар контрафактілік тауарлар болып есептелінеді. 

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының аумағында негізінен шетелден келіп түсетін жасанды контрафактілік өнімдердің таралғанын туралы атап өтуге тура келеді. Контрафактілік өнімдердің көп бөлігі бізге Қытай Халық Республикасынан және Қырғыстан Республикасынан келуде және көбіне осы елдің өнімдеріне тексеру жұмыстары жүргізіліп әкімшілік істер қозғалуда. 

         Өзінің жеке кәсібін ашқысы келетін Қазақстан Республикасының кез келген азаматы осы елдің заңының талаптарына сәйкес өз кәсіпкерлігін жүзеге асыруы тиіс. 

М.Катарова,

Баянауыл аудандық әділет басқармасының бас маманы,

«ҚЗО» РҚБ Павлодарлық филиалының мүшесі. 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы