«Жанжалдасу жақсылық әкелмейді»

Жарияланған: 24.05.2017


Азаматтық процестік кодекске толықтырулар мен өзгертулер енгізіліп, онда медиация аясы кеңейтілді. Мысалы, Азаматтық  процестік кодексте азаматтық сот ісін жүргізу міндеттері мен қағидалары жаңа талаптармен толықтырылды. Мұндағы ең басты назар аударатын жайт –дауды татуластыру түрінде реттеуге көмек көрсету азаматтық сот ісін жүргізу міндеттері деңгейіне көтеріледі. Осы жерде Германия заңнамасын келтірсек, оларда тараптар сотқа дейінгі медиация тәртібінен өтпейінше арыздар сотқа қабылданбайды.

      Мемлекет басшысы Республика судьяларының VII съезінде азаматтық сот ісін жүргізуде медиацияны енгізуді тапсырды.  Соған орай, биылғы қаңтарда Жоғарғы Сот бастамасымен даулардың жекелеген санаттары бойынша дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеуді енгізу үшін пилоттық жоба әзірленді. Бүгінде аталған жобаның жүзеге асыру барысы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталып, халыққа таныстырылуда. Жоба аясында мұрагерлік, некені бұзу, мүлікті бөлу және кондоминимумді басқару, қарызға қатысты, кейбір еңбек, сақтандыру шарттар, т.б. санаттағы дауларда медиация қолданылуда. Бұл шаралар өз кезегінде азаматтардың сот шығындарын азайтып, жұртшылықтың дауды соттан тыс реттеуіне мүдделілік тудырады.

      Пилоттық жобаны орындау, медиацияны қолдану аясын кеңейту мақсатында біздің сотта да игі шаралар ұйымдастырылуда. Ғимаратта сот медиациясының қолданылу механизімі қамтылған ақпараттық стендттер, соттың интернет ресурстарында пилоттық жобаның жүзеге асырылуы жайында ақпараттар орналастырылып, сот медиациясын қолдану туралы дөңгелек үстелдер мен семинар сабақтары жүргізілуде. Айта кетерлігі, сот саласына медиация жүйесін енгізгелі сот жүктемесі біраз жеңілдеді. Ал, пилоттық жобаның басты мақсаты –татуласуды жүзеге асыратын судьяның көмегімен дауды сот медиациясы арқылы реттеуді азаматтық сот өндірісіне енгізу. Сот медиациясы татуластыруды жүзеге асыратын судья арқылы тараптардың   келісімімен ерікті түрде жүргізіледі.

        Дауды сотқа жеткізбей шешуге бағытталған жоба бұл институттың дамуына ықпал тигізіп, келіспеушіліктерді азайтуда нәтиже берері анық. Өйткені адамдар арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол заманда пайда болған.

 

                                                                             Баянауыл аудандық сотының

                                                                             төрағасы Д.С.Салатов

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы