«Тараптардың Төрелік алаңындағы құқығы тең»

Жарияланған: 24.05.2017


Сот ісін жүргізуде тараптардың жарыспалығы мен тең құқылығы қағидасын сақтау көптеген мемлекеттердің заңдарында бар. Бұл қағида қылмыстық процестік кодекстің 23 бабында көрініс тапқан. Жарыспалылық қағидасы өз құқықтарын қорғаудағы тараптардың жариялаған талаптары мен қарсылықтарын дәлелдеудің міндеті мен мүмкіншілігін айқындайды. Сот процесіне қатысушы тараптар жарыспалылық қағидасының мәнін толық ашуда басты рөлге ие болады.

         Жоғарыда аталған баптың 5,6 бөліктеріне сәйкес, сот қылмыстық қудалау органы болып табылмайды, айыптаушы немесе қорғаушы тарап жағында әрекет етпейді және құқық мүдделерінен басқа қандай да болсын мүдделерді білдірмейді. Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, тараптардың өз процестік міндеттерін орындауды және өздеріне берілген құқытарды жүзеге асыру үшін қажетті жағдайларды жасауға міндетті. Негізінен сот жараспалығы қағидасын екі тұрғыдан алып қарастыру қажет. Егер де сот шынайы сот процесінде тек қана тараптар ұсынған дәлелдемелер мен айғақтардың негізінде шешім шығарса, онда ол тараптарға тәуелді болып, дәрменсіз жағдайда қалады. Мысал ретінде айтсақ, сот барысында айыптау және қорғау тарабы өзара келісімге келіп, өздеріне қажетті белгілі бір шешімнің шығуына арнайы дәлелдемелерді ғана сотқа ұсынуы мүмкін. Егер де сот процесінде сот өз тарабынан дәлелдемелерді, айғақтарды жинаса, онда ол тергеу органына тән функцияларды атқарып, айыптау тарабының нысанына айналады. Сондықтан, сот жарыспалылығы қағидасы таза түрінде кездеспейді. Сот процесінде сот объективтілігін сақтай отырып, істің ақиқатына жету мақсатында тараптардың немесе өзінің қалауымен қосымша дәлелдемелерді жинайды. Сонымен қатар, қылмыстық процестегі екі тарап айыптаушы – жеке айыптаушы немесе мемлекет атынан айып тағатын және айыпты қолдайтын прокурор мен сотталушының мүддесін қорғайтын қорғаушының міндеттері мен құқықтарын ашу қажет. Тараптардың жарыспалылығы қағидасынан қарастырсақ, көптеген дау айыптаушы тараптың қорғау тарапынан басымдығы бар дегенді алға тартады. Мысалы жеке айыптаушы немесе прокурор істі сотқа өткізгенде сот істі қабылдап немесе қараусыз қалдыру туралы шешім шығару үшін іспен танысады. Ол өз кезегінде судьяның шағымда немесе айыптау актісіндегі мән-жаймен танысып, айыпталушыға қатысты белгілі бір негативті көзқарас қалыптастырады деп есептейді, ал қорғаушы тарап тек қана сот процесінде дәлелдемелерді ұсына алады, сондықтан, іс басынан тарап теңдігі бұзылып, бір тарап басқа тараптан басым жағдайда болады деген пікір кездеседі.Алайда бұл ретте қорғаушы тарап, істің сотқа дейінгі тергеу барысында өзінің дәлелдемелерін ұсынуға, ал жеке айыптау ісі бойынша шағым түскен уақыттан бастап, айыпталушының шағыммен танысып, дайындалуына мүмкіншілігі бар.

           Осыған байланысты, процеске қатысушыларға айыптау жағында қатысушыларға дәлелдемелерді табыс ету, оларды зерттеуге және бағалауға қатысты өздерінің қылмыстық-процестік заңнамада көзделген құжаттарын тиімді пайдалану қажет.

 

                                                                             Баянауыл аудандық сотының

                                                                             төрағасы Д.С.Салатов

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы