Павлодарда цифрлық қызметтер орталығы ашылды

Республика бойынша кезекті цифрлық ХҚО Павлодарда ашылды. Бұған дейін халыққа қызмет көрсетудің цифрлық орталықтары Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай және Қызылорда қалаларында жұмыс істей бастаған болатын. Павлодарда цифрлық қызметтер орталығы Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша «OpenPavlodar» ашық әкімдігінің ғимаратында орналасқан.

«Азаматтарға арналған үкімет»мемлекеттік корпорациясының Павлодар облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушысы Жаннат Нұржауованың айтуынша, жаңа ХҚО-ның бұл ғимаратта орналасуы кездейсоқ емес. «Бірнеше қалада мемлекеттік корпорацияның Халыққа қызмет көрсету орталықтары басқа мемлекеттік органдармен бір ғимаратта орналасқан. Осыған ұқсас ХҚО Оралда «Смарт Орал», Ақтөбеде «Халық кеңсесі», сондай-ақ Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Бұл азаматтар үшін өте ыңғайлы. Бір жерден-ақ келушілер мемлекеттік қызметтерді рәсімдеп, кәсіпкерлік не сот саласы бойынша қажетті кеңестерді ала алады», – деді Нұржауова.

Цифрлық ХҚО – бұл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының республика бойынша ашып жатқан жаңа үлгідегі фронт-офисі. Цифрлық қызмет көрсету орталығының жұмысы толығымен автоматтандырылған.  Азаматтар өз бетінше, операторлардың көмегінсіз қажетті қызметтерді алып,өзінің цифрлық сауаттылық дағдыларын арттыра алады.

Павлодар қаласының тұрғыны Нұргүл Қарманованың айтуынша, ол мемлекеттік қызметті өз бетінше алады. «Мен – декрет демалысындағы анамын, сондықтан ХҚО кезегінде тұрып, уақытымды босқа өткізгім келмейді. Таяуда электрондық цифрлық қолтаңба алдым, енді мемлекеттік қызметтерді үйде отырып рәсімдеймін, ал бос уақытымды балаларыма арнаймын»,– деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар облысында ХҚО операторлары арқылы рәсімделген өтінімдер саны азайған. Бұл азаматтардың қызметтерді электрондық үкімет порталы арқылы өз бетінше алуларына байланысты болып отыр. Мәселен, 2018 жылы өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы жарты миллионнан астам қызмет рәсімделген.

 

«Азаматтарға арналған үкімет»

мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ

Павлодар облысы

бойынша филиалының

Баспасөз қызметі

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы