Баянауыл ауылдық округіннің жергілікті қоғамдастық жиынының ХАТТАМАСЫ

Баянауыл ауылы

2018 жылғы 13 августа

 

С. Торайғыров ат. МСО

Сағат 15.00

 

Төраға

Баянауыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Алибек  Сунгатбекович Сапабеков

 

Хатшы

Баймағамбет Тоғжан

Қатысқандар

134 адам (тізім қоса берілген)

 

Күн тәртібінде қаралатын мәселелер

 

 

Төраға:  Баянауыл ауылы Т. Комарова және П. Рыбалко көшелерінің атауын өзгерту туралы ауыл тұрғындарынаң тұскен өтініштер бойынша Баянауыл ауылдық округінің әкімінің м.а. Ә. Сапабеков сөз сөйледі. Т. Комарова көшесін – ағайынды Сагинаевтардың, Үкібай бидің, гидротехник С. Сарсенбаевтың,  геолог Қосым Пішембаевтың, еңбек ардагері З.М. Махановтың есімдерімен қайта атау. П. Рыбалко көшесіне – Қ. Исабаевтың, К. Саметовтың, Ш. Шокиннің есімдерімен қайта атау туралы ұсыныстар түсті. Сондықтан құрметті ауыл тұрғындары пікірлерінізді білдірулерінізді сұраймын.

Сөз сөйлеген: Баянауыл ауданы мәслихатының хатшысы Т.Қасен:  - Есімі аталған барлық тұлғаларға көше атауын беруді лайық деп санаймын. Ауыл белсенділерімен көп жылдардан бері ауылымыздың бір көшесіне Қосым Пішембаевтың есімін беруді ұсынып келеміз. Қ. Пішембаев Баянауыл ауданында дүниеге келген геолог. 1904 – 1906 жылдары Майбұлақ кенін тауып дәлелдеген. Сол жерден қорғасын кені ашылып, Қ. Пішембаев сол кенішке маркшейдер болып тағайындалған. Баянауыл өңіріндегі Берікқара, Екібастұз, Жартас, Жосалы, Көктас, Қазанауыз, Майкүбі, Майқайын елді-мекендеріндегі мыс, көмір, қорғасын, алтын кендерін алғаш рет ашқан адам.

Шапық Шөкіұлы Шокин болса Баянауыл ауданының Жанажол ауылында дүниеге келген. Ол - көрнекті қазақ энергетигі, Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, профессор. Өз кезегінде Қапшағай бөгені мен Қапшағай су электр станциясын салу ісіне үлкен үлес қосты. Орталық Қазақстанды сумен қамтамасыз ету мәселесімен Ертіс өзенін бұру негізінде шешуге болатындығын дәлелдеді. Мұның өзі Ертіс-Қарағанды каналының салынуына себеп болды. Ш. Шокин — Сібір өзендерін Қазақстан мен Орта Азияғa бұру мәселесін ғылыми тұрғыда қарастырған алғашқы ғалымдардың бірі.

Сұлтан Момынұлы Сарсенбаев - Баянауыл ауданы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Сұлтан Момынұлы – мемлекет қайраткері, ҚР-ның еңбек сіңірген гидротехнигі. Оның тікелей қатысуымен Ертіс-Қарағанды, Арыс-Түркістан, Шелек-Алматы каналдарының су құбырлары жүйелері мен бірқатар гидротехникалық жобалардың құрылыстары жүргізілген.

 

Ақсақалдар алқасының төрағасы Б. Камашев: - С.Сарсенбаев 1936 жылы су министрі болған. Баянауылдан шыққан алғашқы министр.  Қарағанды Ертіс каналын салуды Хрущевтың алдында дәлелдеген. Өз кезегінде елі үшін көп еңбек сіңірген азамат. Ауылымыздың бір көшесіне С.Сарсенбаевтың есімін  беруге келісемін.

 

Баянауыл ауданының депутаты Орал Сартаев: - Еліміздегі қай ғылым, өнер саласы болсын алғашқылары, үздіктері Баянауыл ауданынан шыққан. Есімі аталған тұлғалардың барлығы мемлекетіміз үшін еңбегі сіңген, аса қадірлі тұлғалар. Қайсының есімі болса да көше атауын беруге лайық.

Әр іс өз уақытынмен болатыны сияқты, Қ.Пішембаев есімінің елге кеңінен тарала бастағанына көп уақыт болған жоқ. Келесі жылы яғни 2019 жылы Қ.Пішембаевтың 175 жылдығы аталып өтіледі. Алдағы уақытта тағы бір жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері, жазушы Қалмұқан Исабаевтың есімін де ескергеніміз дұрыс болады.

Кәсіпкер Абиев Толеутай: - Т.Комарова көшесін екі бөлікке бөліп, бір бөлігіне – С.Сарсенбаевтың, екінші бөлігіне – Қ.Пішембаевтың есімін беруді ұсынды.

Төраға: Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларына сәйкес, дауыс берулеріңізді сұраймын.

Келіскендер: 134 (жүз отыз төрт) адам;

Қарсы болғандар: жоқ.

Шешім: Дауыс беру қорытындысы бойынша, бір ауыздан Т. Комарова көшесіндегі 01 үйден бастап 32 үйге дейін «Сұлтан Сарсенбаев», Т. Комарова көшесінің 33 үйінен бастап 42 үйге дейін «Қосым Пішембаев» және  П. Рыбалко көшесін «Шапық Шокин» есімдерімен қайта атау туралы ұсынылған құжаттарды аудандық атқарушы және өкілетті орындарға жіберу туралы ШЕШІМ қабылданды.

Төраға     А.С. Сапабеков

Хатшы    Т. Баймағамбет

 

 

2008-2018 © Баянауыл ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы